Қанды Қаңтар: Қырғыз музыканты Викрам Рузахунов Қазақстан полицейлері сотта өтірік айтты деп мәлімдеді
- автор Аяулым Изатқызы
- 23 тамыз, 2023
- 3.4k
2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігінен ресми кешірім сұрауды талап еткен қырғыз музыканты Викрам Рузахунов ведомствоны өтірік айтты деп айыптады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ulysmedia.kz. сайтына сілтеме жасап.
Рузахуновтың сөзінше, "Qazaqstan" телеарнасы мен ҚР ІІМ әлі күнге дейін музыканттың "кінәсін мойындаған" сәті таспаланған видеоның тарауына қатысымыз жоқ деп мәлімдеп келеді. Алайда, ол ведомствода файлдың түпнұсқасы табылғанын айтады.
"Түсірілім кезінде маған қалай жауап беру керегін айтқан адамның, дайын мәтінін жаттауға мәжбүр болған автордың (90 мың теңгеге митингке қатысу туралы) болғанын растайтын сараптамалар жүргізілді. Шынында да, менің айғақтарым бойынша, ол түсірілімкезінде болған, бірақ мен бетпе-бет кездескен барлық қатысы бар адамдар бұл фактіні жасырды, ондай адамның болмағанын немесе естерінде қалмағанын айтты", - деді ол.
Музыкант өтірікшілер жазадан жалтарып кете ме деп алаңдаулы.
"Мені мына сұрақ қызықтырады: олар жалған айғақтар үшін жауапқа тартыла ма? Ал сотта ІІМ видео жайлы өтірік айтты, сот біздің барлық дәлелдерімізді ескермеді , бірақ ІІМ-нің уәжін сөзсіз қабылдады – бұл қалай болмақ? Мұның бәрі өтірікке негізделген абсурд сияқты. Стинг Варшавадағы концертте айтқандай: "Егер біз бұл өтірікті жұта берсек, ол бізді жеп тынады", – деп қосты ол.
Еске салсақ, бұдан бұрын Астана қаласының Алматы аудандық соты қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың Қазақстан ІІМ атына берген ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Қырғызстандықтың адвокаттары ҚР ІІМ-нен Рузахуновтың алматылық полицейлер қысымымен айтылған айғақтарын, яғни Қазақстанға 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысу үшін келгені жөніндегі жауаптарын дұрыс емес деп тануды және музыканттан көпшілік алдында кешірім сұрауды талап еткен еді.
2022 жылдың қаңтар айының басында Қазақстандағы жаппай наразылық кезінде Қырғызстан азаматын қазақстандық қауіпсіздік күштері ұстап алып, аяусыз ұрып, мемлекеттік телеарналар арқылы көрсеткен еді. Қырғызстандықтар оның танымал музыкант Викрам Рузахунов екенін танып қойған. Ол сол тұста Алматыға концертке келген. Бішкек осы оқиға бойынша Астанаға ресми нота жолдады. Резонанс аясында қазақстандық билік музыкантты босатқан. Отанына оралғаннан кейін ол азапталғанын және өзін айыпты ретінде көрсетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді.