Қырғыз президенті өзінен сыйлық алған Біржанды сынаған Әлтаевқа жауап берді
- автор kyn.kz
- 25 тамыз, 2023
- 2.2k
Қырғыз елінің президенті Садыр Жаппаров депутат әрі ақын Аманжол Әлтаевтың ақын Біржан Қалдыбаевты сынай жазған желідегі пікірін оқып, оған жауап қатты, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Президент Әлтаевқа өз сөзінде еш саяси астар іздемеуді, керісінше екі ел достығын нығайтайық деген үндеу жасаған.
Есте болса,Қырғыз президенті Садыр Жапаров сол жиында қазақ ақынына құрметі ретінде сыйлық табыстайтынын айтып, 20 тамызда Қырғызстан президентінің көмекшісі Қаныбек Түмонбаев Садыр Жапаровтың сыйлаған тұлпарын Біржан Қалдыбаевқа тарту еткен.
Осы жағдай желіге тарағаннан кейін ақын әрі депутат Әлтаев Қазақта мұндай ақын жоқ екенін желіге жазған еді. Тіпті Біржанға бүкіл халықтан кешірім сұрауға кеңес берген болатын.
Қырғыз президенті Әлтаевтың сынын оқып шыққанын айтып, оған қатысты пікір білдірді.
«Иә, Аманжол Әлтаев бауырымыздың әлеуметтік желідегі үндеуін мен де оқыдым. Әрине, бұл ыңғайсыз үндеу болды. Ең алдымен «Елшіге де, әншіге де өлім жоқ» дейді. Елшілер өз жұмысын жасайды. Әншілер, тіпті ақындар өздеріне ыңғайлы жерде ән салады. Сын айтып ән салады, мадақтап ән салады, бірдеңе сұрау үшін ән салады. Одан кемшілік, саясат іздеудің қажеті жоқ. Екіншіден, ақын Біржан Қалдыбаев қырғыздың жиені.
Мен қазақтың жиенімін. Біз туысқанбыз. Бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Нооча қазақтың қызы еді. Үшіншіден, біз қырғыз-қазақша сөйлейтін халықпыз. Сол сәтте арғымақ сыйға тартпасам, ол маған бір кезде ән шырқайтын еді. «Нағашым жаяу жіберді, нағашымның бір арғымаққа шамасы жоқ па?» деп айтар еді. Ол жерге қатыспасам, сол ақынның әнін естімесем, әңгіме басқа болар еді. Сондықтан Аманжол мырзаға айтарым, сіз ешқашан жайсыз жағдайға тап болған жоқсыз.
Ешқандай саясат жоқ. Айтыскер ақын жиенімнің сөзіне түсіп қалмас үшін ғана арғымақ сыйға тарттым. Ал енді мен Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін де білмеймін. Мен оны бұрын да танымайтынмын. Оны көше ақыны деп атаған. Қазір көше ақыны болса, ақыры қазақ-қырғыз халқына белгілі ақын болып кетер? «Бесіктегі бала патша бола ма, кім білсін, құрсағындағы бала патша бола ма, кім білсін» дейді.
Ол жас бала екен. Қолдау болса ақыры атақты ақын болып шығар. Қазақ пен қырғызды бізден басқа ешкім қолдамайды. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Қазіргі әлемдік жағдай өткір. Қазақ пен қырғыздың арасына от салғысы келетін үшінші күштер әлі де жоқ емес. Біз мұндай адасушылықтан аулақ болуымыз керек. Арамыздағы тыныштықты сақтайық. Онсыз да ат төбеліндей ғана елміз», - деп жауап берді.