Жезқазғандық Талғат Жұмабеков Меккеге екінші рет велосипедпен барып қайтты
- автор Анар
- 28 тамыз, 2023
- 2.0k
Жезқазған қаласының тұрғыны Талғат Жұмабеков Меккеге екінші рет велосипедпен барып қайтты, деп жазды KYN.KZ тілшісі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Талғат Жұмабеков продюссерлік орталықта жұмыс істеген. Ол тіпті хореограф та болған. Кейіннен дүниежүзін шарлағысы келген. Осылайша мұсылман үшін қасиетті Меккенің топырағын басу басты арманы болыпты. Алайда өзгелер сияқты айшылық алыс жерге ұшақпен жедел жете салмай, мыңдаған шақырымды велосипедпен еңсеруге шешім қабылдаған.
Жиhанкездің басты мақсаты – әлемді көріп қана қоймай, Қазақстанды көпке таныту. Тіпті велосипедіне көк туымызды орнатып алған. Осылайша сапар аясында жергілікті тұрғындарға еліміз туралы айтып, оларды Қазақстанға келуге шақырған.
Бүгінгі күнге дейін Талғат 63 мыңнан астам шақырымды еңсерген. Әлемнің 49 елінде болған.
"Маған Орталық Америка қатты ұнады. Мексика, Гватемала, Колумбияда да болдым. Аңғарғаным, адамдары қарапайым әрі мейірімді. Әркез көмектесуге дайын тұрады", - деді Талғат Жұмабеков.
Биыл Талғат қасиетті Меккеге екінші мәрте қажылыққа барып келді. Тек бұл жолы сапарын Алматы қаласынан емес, Каирдан бастады. Елге тамыз айының басында оралған.
Енді міне балалық шағы өткен Жезқанғанға да келген. Ендігі мақсаты қос дөңгелекті көлігімен Оңтүстік Америкаға жол тарту.