Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Президент су тапшылығы 2040 жылы күшейетінін айтып, халықты суды үнемдеу мәдениетіне үйренуге шақырды

Президент  су тапшылығы 2040 жылы күшейетінін айтып,  халықты суды үнемдеу мәдениетіне үйренуге шақырды
Akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев: суды нормативтен артық пайдаланғандар жоғары тарифпен төлеуі тиіс

Президент 1 қыркүйектегі кезекті жолдауында су ресурсына, оны үнемдеу қажет екеніне ерекше тоқталды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының сөзінше, әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр.

Президенттің айтуынша, су ресурсы -  еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан трансшекаралық су көздеріне тәуелді екенін қадап айтты.

"Жалпы біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер".

 

Сонымен қатар президент шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек екенін айтты. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн.

"Ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40%-ы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60%-ы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең әуелі, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек.Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу".

Сондай-ақ, мемлекет басшысы тариф саясаты жөнінде сөз қозғады.

"Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы".

Аяулым Изатқызы
Автор

Аяулым Изатқызы

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар