Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауының толық мәтіні жарияланды
- автор Аяулым Изатқызы
- 1 қыркүйек, 2023
- 9.8k
2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс пен Сенат депутаттарымен қатар орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық Құрылтайдың, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, қоғам мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауы "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" деп аталды. Президент сөз басын халықтың тұрмысына әсер еткен шаралардан бастады.
"Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді.
Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. "Жайлы мектеп" жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. "Ұлттық қор – балаларға" жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды"
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы ел экономикасын арттыру күн тәртібінде бірінші тұрған мәселе екенін басып айтты.
"Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет.
Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда."
Жолдаудың толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.