Қошанов: мектепті діни ағымдардың ордасына айналдырмауымыз керек
- автор kyn.kz
- 13 қыркүйек, 2023
- 1.7k
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов хиджабқа қатысты дауға пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап.
"Біз зайырлы мемлекетпіз. Бұл мәселенің барлығы Конституциямызда, заңымызда көрсетілген. Сонымен қатар біздің Конституциямызда дін бостандығы бар. Өзінің діни рәсімін жасаймын дегендерге ешқандай шектеу жоқ. Мешіт болсын, шіркеу болсын, кез келген діни орталықтарға бара алады", - деді Қошанов мәжіліс кулуарында.
Оның пікірінше, мектепті діни ағымдардың ордасына айналдырмау керек.
"Ол – білім ордасы, білім беру керек. Сондықтан балаларды, оқытушыларды басқа мәселеге алаңдатпауымыз керек деп ойлаймын. Оның үстіне министрлік бекіткен мектеп формасына қатысты стандарттар бар. Сол стандарттарды ұстануымыз керек", - деп есептейді спикер.
Еске сала кетейік, бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте хиджаб киюге рұқсат беруді талап еткен азаматтарға жауап берген болатын.
"2016 жылы бекітілген оқушылардың формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ, бәрі заң аясында", - деп мәлімдеді Бейсембаев.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамда туындаған мәселеге өз мәлімдемесін жариялады.
"Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу ұлттық дәстүріміз", - делінген хабарламада.
ҚМДБ бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берген.
"Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз", - деп түйіндеді мүфтият.