Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз қайтуына 10 күн қалғанда қайтыс болды
- автор Akarman K
- 15 қыркүйек, 2023
- 7.1k
Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз қайтуына 10 күн қалғанда қаза тапты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Түркістанда 2037 әсери бөлімде борыш өтеп жүрген Нұрғасыр Темірбеков өте ауыр темірге бастырылып қайтыс болған. Нұрғасырдың ата-анасы баласының еңбекке құштар екенін айтты. Қаза тапқан сарбаздың отбасы бұл іске жауапты қызметкерлердің өз жазасын өтегенін қалайды.
Әкесімен соңғы рет сөйлесу барысында сарбаз әскери борышы аяқталған соң, үйіне барып жәрдем беретінін айтқан. Сол телефон қоңырауынан кейін отбасына шалынған қоңырау суық хабар болды.
"Балаңыз осындай тормен жұмыс істеп жатқанда екі ортада қыстырылып қалды деді.Ол жерде жедел жердем де болмаған. Маған айтқаны, КАМАЗ-бен 3 шақырым жердегі медицина беліміне апарған. Содан кейін таксимен әр жағындағы аудан орталығыма , ауыл ма, сол жаққа апара жатқанда көз жұмды деді. Басшылардан күмәнданамын. Ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмаған", - деді марқұм Нұрғасыр Темірбековтың әкесі Мэлс Әбдіраманов.
Сарбаз өз еркімен әскерге кеткен еді дейді ата-анасы. Олардың сөзінше осы іске қатысты кім жауап беретіні, іс қозғалуы жайлы ештеңе айтылмаған. Әскери прокуратура осы оқиғаға қатысты тергеу басталғанын хабарлады.
"Қылмыстық кодекстің 156-бабымен, яғни "Енбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу" дерегі бойынша іс қозғалды. Сарбазға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетілді" делінген Әскери прокуратура хабарламасында.
Қаза болған сарбаздың ата-анасы жауаптылардың заң алдында жауап беруін талап етуде.