Депутат Ардақ Назаров сайланған округте 200 бала "соғыс көрген" партада білім алуда (фото)
- автор kyn.kz
- 21 қыркүйек, 2023
- 7.7k
Алматы облысына қарасты Қаражота ауылындағы 200 балаға арналған мектептің партасын көрген жұрт шошып түсті. Онда оқушыларға тоқсан жыл қызмет еткен партаның алғашқы сырынан түк қалмаған,ағашына дейін жұқарып біткен. Тіпті, қазір балалар білім алып жүрген мектептің партасын көргендер "Африка елдерінен келген сурет болар" деп күмән келтірген, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Ал шын мәнінде бұл Алматы облысына қарасты Қаражота, Сарыбұлақ, Ақтоған ауылдарының жүдеген көрінісі. Бұл мектептің іргетасы 1931 жылы қаланған, сол жылы пайдалануға берілген екен. Бүгінде оқушылар қыста бүрсең қағып, жазда ауа жетпей осында білім алады. Ең таңғалдырғаны былтыр осы мектептен 16 түлек ұшыпты. Солардың 11-і жоғарғы оқу орнына грантпен түскен.
"Қыста үнемі пеш дұрыс жанбайды. Қыстың ортасында жарылады. Бұрын терезелерді мақтамен бекітетінбіз. Қазір сол мақтаны әлі саламыз, ағаш терезелер шашылып қалмас үшін шегелеп қоямыз. Балалар дене шынықтыру пәнін қысы-жазы далада өтеді. Ол жерде он әкім ауысты. Бәрі уәде береді, сонымен ізін таппай қаламыз. Мектептің ішіне қысты күні су өтіп, ортада шелек қойып қоямыз. Жібіген қабырға оқушыларды басып қалады ма деп қорқамыз.",-дейді ауылдықтар.
Ал журналист Гүлмира Әбіқай болса бұл ауылдың атынан Қазақстан Республикасы Мәжілісіне Ардақ Назаров депутат болып барғанын еске алды. Халық уәде беріп, ізімғайып жоғалатын әкімдерден шаршағанда депутат бұл жағдайдан неге хабарсыз деген сұрақ туды. Ауылдықтар енді журналистер арқылы жағдайларын жоғары жаққа жеткізгісі келеді. Өйткені мектеп құлап қалар болса оқушыларды басып қалары анық.
"Алматы іргесіндегі Қаражотада қараусыз қалған 3 елді-мекен бар. Бәрінің сиқы осы. Ауылдарда мектеп, бақша, емхана, амбулатория сынды әлеуметтік нысандар жоқ. Бары сын көтермейді. Көктем-күз жаңбыр, қыста суық, жазда есік-терезесін ашып кептіреді.Бұл Сарыбұлақ ауылындағы мектеп партасы. Егер, ғимараттың өзі 31-ші жылы салынғанын ескерсек парта неге ескі деп сұрау ұят сияқты 31-ші жылдан бері 90 жыл өтті. Осы округті басқарған талай төраға, әкім, депутат осы ауылдағы 200 бала неге апатты жатақханада оқып жатыр деп еш ойланбады. Кеше ғана Мәжіліске осы округтен сайланып Ардақ Назаров кетті. Қаражота, Сарыбұлақ, Ақтоған тұрғындары қол бұлғап сеніп тағы қала берді. Айтпақшы, бұл ауылдарға кіріп-шығатын жол да жоқ"- деп жазба жариялады журналист.