Имашев Зайытовпен "Дүмше депутатқа" арнауы шыққан күні-ақ татуласып алғанын айтты
- автор kyn.kz
- 22 қыркүйек, 2023
- 1.8k
Балғынбек Имашев депутат Ринат Зайытовпен "Дүмше депутатқа" арнауы шыққан күні-ақ татуласып алғанын айтты. Айтыскердің депутатқа арнап жазған арнауы халық арасында дау тудырған еді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Қыркүйек айының 18-і күні айтыскер Балғынбек Имашев Ринат Зайытовтың "80% алаяқтар намазхандар" деген сөзіне қатысты пікір білдіріп, жыр арнаған. Өз ойын инстаграм парақшасына жариялаған. Сол оқиғаға байланысты дау туындаған соң, айтыскер жағдайды түсіндіріп, сол күні-ақ депутатпен келісімге келіп, сөйлескенін айтты.
"Біз айтыстарда қарсыласымызбен айтысқан кезде бір отбасының өзі екіге бөлінеді. Күйеуі бірімізді қолдаса, әйелі бірімізді қолдайды. Солай көрермен қақ жарылып жататын.Кеше Ринатқа байланысты әңгімемізге де халық қақ жарылып жатыр. Көп азаматтар ымыраға шақырып жатыр. Біз Ринат екеуміз сол күні-ақ сөйлесіп, ымыраға келгенбіз. Уайымдамаңыздар, ел бір болсын. Намазхан болсын, басқа болсын. Біз ел іші ажырап, ыдырап кетпесе екен дейміз. Алаңдаушылықпен салып отырмыз. Ринатты қолдаңыздар. Еш қарсылығым жоқ. Мен Ринатқа қарсы емеспін, пікіріне қарсы болғанмын. Кез келген адамның құқы. Айгүл Орынбек қарындасым "Аманатқа" қатысты пост жазған екен . Алла бұйыртса жауап беремін",-деді Балғынбек Имашев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Айгүл Орынбектің айтыскер, ақын Балғынбек Имашевқа жұрттан алдап алған ақшаны қайтаруын сұрағанын жазып едік. Имашев Айгүл Орынбекке алдағы уақытта жауап беретінін айтты.