Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Дәрігерлер тәуекелге бара алмайтынын айтып, ота жасаудан бас тартты" : мектепте баспалдақтан құлаған баланың әкесі

"Дәрігерлер тәуекелге бара алмайтынын айтып, ота жасаудан бас тартты" : мектепте баспалдақтан құлаған баланың әкесі
Ашық дереккөзі
Жапа шеккен баланың әкесі мектепте оқушылардың қауіпсіздігі қорғалмағанын айтуда.

Астанада мектептегі баспалдақтан құлаған баланың әкесі дәрігерлердің тәуекелге барып, ота жасай алмайтынын айтты. Қазіргі таңда баланың жағдайы өте нашар, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Елордалық  оқушы баспалдақтан құлап, комаға түскен. Баланың жағдайы жайлы әкесі 1 сағаттан кейін барып естіген.  Білім ордасында оқушының қауіпсіздігі сақталмағанын дейді ол. 

"Бала құлаған соң қырық минуттан кейін жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем 50 минуттан кейін келген. Бізге айтпаған. Біз бір сағаттан кейін естідік. Мектеп баспалдағының жанында қорғаныс темірі жоқ. Кішкентай бала түгіл, үлкен оқушы да құлап кетеді ана жерден. Оқушылардың қауіпсіздігі ойластырылмаған".

Әкесінің айтуынша, баланың қазіргі жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер тәуекелге бара алмайтынын хабарлап, мамандар ота  жасаудан бас тартқан екен. 

"Дәрігерлермен жаңа ғана сөйлестік. Біз тәуекелге бара алмаймыз деп, балама ота жасаудан бас тартып жатыр. Ашық бас сүйек жарақатын алған. Көздің айналасы, мұрын ішіндегі сүйегі сынған. Дәрігерлер баламның екі көзі 50% көрмейді деді. Енді шетелдік дәрігерлердің көмегіне жүгінуіміз керек. Біздің дәрігерлер "10 күн ауруханада емдейміз, сосын үйге шығарамыз" деп отыр. Ал балама отаны дереу жасамасақ болмайды", - дейді Бекжан Қожамқұлов.

Ол бала құлаған баспалдаққа тікелей мектеп басшылығы жауапты деп есептейді.

"Мектеп директоры "мұнда жұмыс істегеніме 9 ай ғана болды" деп жауапкершілікті мойнына алмай отыр. Ал менің баламды емдетуге қыруар қаражат керек. Бар шығынын мектеп әкімшілігі өтеп берсін", - дейді әке.

Ал қалалық білім басқармасы баспалдақта қоршау бар деп отыр. 

"Астана қаласының № 14 мектеп-гимназиясының оқушысы 2-қабатқа көтерілгенде баспалдақтан құлады, негізі баспалдақ қоршауы бар. Баланың айтуынша, оны сыныптасы итеріп жіберген. Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылды. Бала қалалық балалар ауруханасында жатыр. Есін біледі, жағдайы тұрақты. Комада болған жоқ", - дейді ведомство.

Білім басқармасының айтуынша, қазіргі күні мектеп директорына қатысты шара қабылдау туралы мәселе қарастырылып жатыр.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар