Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

8 жылға сотталған Мұхамедиұлына кәсіпті тартып алды деген айып тағылып, екінші рет сотталып жатыр

8 жылға сотталған Мұхамедиұлына кәсіпті тартып алды деген айып тағылып, екінші рет сотталып жатыр
kyn.kz
Сотқа Астанадағы ең беделді "Дипломат" қонақүйін экс-шенеунік әулетімен басып алды деген арыз жазылды

Қылмыс үстіне қылмыс! Жемқорлық ісі бойынша 8 жылға сотталған Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін тағы сотқа тартылды. Бұл жолы Ұлттық музейдің бұрынғы басшысына Астананың қақ ортасындағы ең қымбат қонақүйлердің бірі — «Дипломатты» рейдерлік жолмен тартып алды» деген айып тағылып отыр, деп жазды KYN.KZ тілшісі.

Мәдениет және спорт министрі болғанда лауазымдық қызметін асыра пайдаланып, бармақ басты көз қысты әрекеттерге барған деген де бап бойынша іс қаралып жатыр. Жазасын орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандарға арналған түрмеде өтеп жатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін сотқа тағы шақырылды. Көңілі көтеріңкі, бума-бума қағазын құшақтаған экс-музей басшысы абақтыда «жағдайым жақсы» деп отыр.

Бүгінгі сот отырысындағы арызданушы кезінде экс-министрдің жақын отбасы досы болған, «Дипломат» қонақүйінің негізін қалаған кәсіпкер. Аты-жөнін жария қылудан бас тартқан ол Мұхамедиұлы айналдырған үш жылда «көрмегенді көрсетті» деп отыр. "Дипломаттың" бұрынғы қожайыны 2019 жылы бизнесім тұралап, шығыным шаш етектен бола бастады дейді.

Сол аралықта кәсіпкердің жанынан лып етіп пайда болған Мұхамедиұлы құрдымға кетіп жатқан қонақүй бизнесін қайта жандандырамын деп уәдені үйіп-төккен. Тек отельдің жарғы капиталының 71 пайызын өз аты емес, енесінің атына жазып беруді ұсынған. Экс-қожайынның сөзінше, сол күннен бастап, Мұхамедиұлы отбасының барлық мүшесімен "Дипломатқа" кіріп алып күн көрсетпеген. Ал тағылған айыппен Мұхамедиұлы мүлдем келіспейді.
 

"Қазір өздеріңіз көріп жатсыздар, менің бірдебір қолым, бірде бір құжатым жоқ. Керісінше, бұл "Дипломатты" менің жұбайымның шешесінен, менің енемнен алып жатыр. Бірде-бір құжат көрсеткен жоқ. Шындық",-дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Кәсіпкердің сөзінше, "Дипломат" елордада құрметті меймандар, оның ішінде мемлекет басшыларын күтетін ең таңдаулы төрт жұлдызды отельдердің бірі болған. Айналдырған бірнеше жылда Арыстанбек Мұхмедиұлының жеке банкеттерін өткізіп, ырду-дырду көңіл көтеретін мекеніне айналыпты.

Ал бұрынғы министрдің қорғаушысы Болат Исатаевтың айтуынша, істі қарау сағызша созылмайды. Кінәсі дәлелденсе, мұндай айыппен сот бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесуі мүмкін.
 

"Бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлының сегіз жылға сотталғанын ескеретін болсақ, қазір кесілуі мүмкін бес жылдық жаза осы мерзімнің ішіне кіріп кетеді. Менің қорғалушымның бұл жерде арожданы тапталайын деп тұр. Мәселе сонда. Арыстанбек Мұхмедиұлы бірдебір айыппен келіспейді. Ол тыңғылықты дайындалып жатыр",-дейді  адвокат Болат Исатаев.

Бастапқыда қонақ үйдің 71 пайызын екі жарым млрд теңгеге сатып алып, кейіннен төрт жарым млрдқа саудалаған Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін бұрынғы әдетінен аспады. Шешендігі алып шығарар деді ме, қорытынды сөзінде тарихты тізбектеген ол өзін Юлий Цезарьге теңеді. Қара күйеден атын тазартуды судьяға жүктеп, Геракл болуға да ұсыныс жасады.


 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар