Алматыда әйелді бауыздап, басын базарға тастап кеткен азаматқа сот үкім шығарды
- автор kyn.kz
- 29 қыркүйек, 2023
- 2.6k
Алматыда әйелді бауыздап, басын базарға тастаған еркек сотталды 20 жыл бас бостандығынан айырылды. Алматыда әйелді бауыздап, басын базарға тастаған қаныпезерге сот осындай үкім шығарды. 61 жастағы Асхат Иманқосов енді жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі KTK арнасына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік оқиға биыл көктемде болған. Алматыдағы базарлардың бірінен пакетке салынған бас табылып ел шулап еді. Марқұм 1976 жылы туған әйел. Бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған. Оның денесі базар жанындағы қараусыз ғимараттың маңынан табылды. Айуандыққа барған қаскөйді полицейлер екі аптаға жеткізбей қолға түсірді. Тергеу де үш айдан асқан жоқ.
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, тұрақты үйі мен табысы жоқ 61 жастағы Асхат Иманқосов бірге тұрған, әрі осы уақытқа дейін асырап келген әйелден ажырап қалмас үшін кездейсоқ адамды саябақтан тауып бауыздаған. Сөйтіп басты кезінде өзіне қарамай кеткен шұжық сататын әйелдің дүкеніне қалдырып кетеді. Яғни біреуіне өзінің маңыздылығын көрсетсе, екіншісінің кегін қайтарған. Иманқосовтың өзі бүкіл сот отырысында біресе денсаулығының нашарлығын айтып, біресе жылап, жалынышты күй кешіп өткізді. Судья да ұзаққа созбай, бүгінгі жарыссөзден кейін бірден үкім кесіп отыр. Енді 61 жастағы Иманқосов алдағы 20 жыл өмірін темір торда өткізеді.