Оқушы ботқа мен котлет арасынан құрт тауып алған
Мектеп асханасы төңірегінде тағы бір дау. Павлодардағы жалпы орта білім беретін мектепте тамақтан құрт шықты. Оқушы ботқа мен котлеттің арасынан жәндік тауып алған. Бұл жалғыз оқиға емес. Соңғы кездері осыған ұқсас хабарламаларды жиі еститін болдық. Депутаттар білім ошақтарындағы тамақ мәселесі – күрделі тақырып дейді. Жалпы астың сапасына кім жауапты?
Оқиға Павлодардағы №42 мектепте болды. Тамағынан құрт тапқан оқушы оны суретке түсіріп, анасына жіберген. Перзентінің өміріне алаңдаған келіншек оны бірден әлеуметтік желіге жариялапты. Осыдан кейін мектеп басшылығы мен ата-аналар қауымының өкілдері жедел тексеру жүргізді.
"Бұл жағдайды естіп, есеңгіреп қалдық. Бұл асханаға балалар бұрында бірнеше рет шағымданған болатын. Айтуларынша, тамақтары дәмсіз, салқын, су татиды. Былтыр тек балық котлетін ғана берді. Сондықтан, бұл асхананы жалға алушылардың кеткенін қалаймыз",-дейді ата-ана Екатерина Лаврюнок
"Мен тамақтағы құртты өз көзіммен көрген жоқпын. Бірақ, менің орынбасарым құрттың тірі екенін көрген. Және оқушы баламен бір үстелде отырған сыныптастары да оны көріпті. Біздің ойымызша, асханада алма болған. Құрт содан пайда болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені, құрт алмалардағы құртқа ұқсайды",-дейді М. Әуезов атындағы №42 мектеп директоры Гүлнар Тапанова.