“Ирина Кайратовна” тобының мобилографы неден мерт болғаны белгілі болды
- автор Анар
- 16 қазан, 2023
- 917
Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы “Ирина Кайратовна” тобының 21 жастағы мобилографының өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
14 қазанда Жылқайдаров Шахназдың денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін сот сараптамалары институтына жеткізілді. Өлімге өткір геморрагиялық панкреонекроз себеп болуы мүмкін, – деп мәлімдеді әкімдік.
Одан бөлек, өлімнің нақты себебі токсикологиялық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін белгілі болатыны айтылды. Зерттеу деректері екі аптаға дейін жүргізіледі.
Айта кетейік, сенбі күні "Ирина Кайратовна" тобының мобилографы Жылқайдаров Шахназ Астанадағы концерт кезінде кенеттен мерт болған еді. Кейін топ мобилографтың отбасына көмек көрсететінін айтты. Сондай-ақ, Еуропаға гастролін Шахназды еске алуға арнайтынын хабарлады.