Шымкентте арақ пен темекіге ақша сұрап, төбелес бастаған күйеуін өлтірген әйел сот залынан босатылды
- автор kyn.kz
- 21 қазан, 2023
- 9.5k
Шымкентте отбасылық кезекті жанжал кезінде күйеуін амал жоқтықтан пышақтап өлтірген әйел сот залынан ақталып шықты. Сот әйелдің бұған дейін бірнеше рет полициядан көмек сұрап, ер адамнан бейбіт жолмен ажырасудың барлық тетігін іздегеніне көз жеткізді, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Тергеу анықтағандай, 31 жастағы ер адам әйелмен азаматтық некеде тұрып, оны бірнеше рет ұрып-соққан. Әйел серіктесінен құтылуға тырысып, бірнеше рет басқа қалаға қоныс аударған. Сонымен қатар, ол полицияға үш рет арызданған. Алайда, құқық қорғау органдары тарапынан айтарлықтай әрекет болған жоқ.
Ер адам оны тауып алып, кешірім сұрап, Шымкентке қайтарған, біраз уақыттан кейін тұрақты ұрып-соғу жағдайлары қайталана бастайды. Сонымен қатар ер адам жұмыс істемейді.
24 сәуір күні ер адам тағы да әйел тұратын пәтерге барады. Ол мас күйінде одан ақша, темекі мен арақ-шарап талап ете бастаған. Одан бас тартқан әйелге азаматтық некедегі күйеуі шабуыл жасап, мұрнын сындырған, содан кейін басын қабырғаға соғады. Әйел пәтерден қашпақ болған, бірақ ер адам оны жібермеген. Төбелес кезінде әйел асхана пышағын алып, өзін қорғау мақсатында күйеуінің кеуде тұсынан ұрған. Пышақ жүрекке тиіп, ол сол жерде көз жұмды.
Тергеу барысында полицияға бұрын түскен арыз-шағымдардың барлығы анықталып, олар бойынша ешқандай шара қолданбағаны белгілі болды. Сондай-ақ, айыпталушының денесінен көптеген жарақаттар табылды.
Сот оқиғаның барлық жай-жапсарын зерделей келе, қасақана кісі өлтірді деген айыпты алып тастап, сотталушыны қажетті қорғаныс шегінен шықты деген қорытындыға келді. Оған ҚР ҚК-нің 102-бабына сәйкес бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, нәтижесінде әйел сот залынан тікелей босатылды.
Өз кезегінде марқұмның туыстары 15 млн теңге моральдық және 800 мың теңге материалдық шығын талап еткен. Істің барлық мән-жайын қарап, сот талап-арызды ішінара қанағаттандырды. Демек, қызға 1 миллион теңге төлеу керек.
Зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық «НеМолчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі атап өткендей, үкімге қарсы әлі де жоғары сатыдағы соттарға шағымдануға болады.
«Сот шығарған шешімнің бірі әділ болды және мен қыз үшін шын жүректен қуаныштымын», - деді Дина Таңсәрі.