“Астық қоры елді нанмен толықтай қамтамасыз етуге жетеді”: Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді
- kyn.kz
- 7 қараша, 2023
- 1.3k
Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы жиналатын астық 16 млн тоннаны (бидай 11,3 млн тонна) құрайды. 3 млн тонна көлеміндегі ауыспалы астық қалдықтарын ескерсек, елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті", – деді Айдарбек Сапаров үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн тонна астық құйылды, оның ішінде 1,8 млн тонна – 3-сыныпты астық.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң 24 млн гектарды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға көп. Оның ішінде астық жиналатын алаң – 17,1 млн гектар.
Қазіргі таңда барлық өңірде егін орағы аяқталуға жақын. Облыс әкімдіктерінің ақпаратынша, 16,9 млн га (98,7%) астық жиналған. Орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы –бидай (өнімділік 8,6 ц/га).
Егер дақылдар бөлінісінде қарасақ, бидай жиналатын алаң 13,4 млн га құрайды, өнімділігі – 8,6 ц/га, 11,4 млн тонна бастырылды. Майлы дақылдар 1,9 млн га немесе 68%. Орташа өнімділігі 8,4 ц/га болғанда 1,6 млн тонна май тұқымы жиналды. Оның ішінде күнбағыс орташа өнімділігі 11,6 ц/га болып, 747,5 мың тонна бастырылды.
Картоп 168,8 мың га аумақтан толығымен жиналды, жалпы өнімділігі 206,4 ц/га болып, 3,5 млн тоннаны құрады.
Көкөніс дақылдары 162,4 мың га алаңнан жиналды, өнімділік – 263,7 ц/га, 4,3 млн тонна.