Костенко шахтасындағы жарылыстан қаза тапқан 46-шы кеншінің денесі табылды
- kyn.kz
- 7 қараша, 2023
- 2.6k
Марқұмды құтқарушылар шамның батареясындағы жеке нөмірі арқылы таныған, деп хабарлайды KYN.KZ.
Әкімдіктің хабарлауынша, кеше кешке Костенко шахтасында тау-кен тазарту кеншісі Александр Прокудиннің денесі табылды. Ол - Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан 46-шы кенші.
"6 қараша күні сағат 20:00-де Костенко атындағы шахтадан қаза тапқан 46-шы кеншінің денесі табылып, жер бетіне көтерілді. Тиісті сараптамалар жүргізілді. Іздестіру жұмыстарына "Кәсіби әскери авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді",-деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігі.
Айта кетейік, бұған дейін төтенше жағдайлар министрлігі оның денесінің бір бөлігі табылғанын хабарлаған болатын. Алайда министрлік сараптама қажет екенін айтып, ресми түрде ақпарат бермеген еді.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанға қараған түні Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан жарылып, салдарынан 46 кенші көз жұмды. Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Премьер-министрдің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды. 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Осы апаттан кейін президент "АрселорМитталмен" инвестициялық ынтымақтасты тоқтатуды тапсырды. Үкімет компанияны Қазақстан пайдасына беру туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.