Қарағанды облысында 20 миллионыншы болып дүниеге келген сәбиді тізімнен алып тастаған
- kyn.kz
- 20 қараша, 2023
- 1.7k
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты ауылындағы бір отбасында күні кеше қыз бала дүниеге келді, деп хабарлайды KYN.KZ.
Оған Еңлік есім берілген. Жергілікті билік жанұя өкіліне хабарласып, сәбиінің 20 миллионыншы тұрғын ретінде тізімге енгенін жеткізген. Отбасына ана мен жаңа туған нәрестені салтанатты түрде қарсы алып, ресми құжаттар мен мемлекеттен екі миллион теңге сертификат табыс етілетінін айтқан. Алайда жергілікті билік өкілдері айтқанын орындамапты.
Жаңа туған қыздың тәтесі Мәдинаның айтуынша, отбасы мүшелері жергіліктің бұл әрекетіне қатты ренжіген.
"Біз қатты ренжідік. Неліктен олар мұны бізге хабарлап, кейін сөздерінен тайқып кетті? Бізге атақ-даңқ керек емес, жәй ғана өкінішті. Осындай қуанышты сәтте де елде сыбайлас жемқорлық пен қандай да бір схемалардың әрекет етуі мүмкін бе? Неліктен олар қызымызды перзентханадан шығарып алуға келеміз деп айтты? Олар ештеңе түсіндірмеді", – деді жаңа туған қыздың тәтесі Мәдина.
Еңлік – отбасындағы төртінші қыз.
Еске сала кетейік, кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы 20 миллион болғанын қуана хабарлаған болатын.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың 14 қарашасында сағат 08:10-да еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны ретінде 5 бала дүниеге келген. Олар Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында дүниеге келген. Олардың арасында үш ұл, екі қыз бала бар.