Курорттық инфрақұрылымды дамыту таулардың қолжетімділігін қалай арттырады
- автор kyn.kz
- Бүгін, 11:09
- 42
Үлкен қала үшін бұл – ыңғайлы қоғамдық көлік, түсінікті бағыттар, автотұрақтар, қауіпсіздік және тек тәжірибелі спортшыларға ғана емес, барлық келушілерге арналған инфрақұрылым деген сөз. Дәл осындай тәсіл Алматы тау кластерін дамытудың негізгі қағидаларының біріне айналып отыр.
Бүгінде келушілердің едәуір бөлігі бірнеше танымал орынға шоғырланған. Шымбұлақ, Бутаковка, Кимасар, Пионер және Ой-Қарағай аумақтарын дамыту туристер ағынын әртүрлі бағыттарға бөліп, демалыстың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта кластердегі аспалы жолдардың санын 16-дан 40–45-ке дейін арттыру жоспарланып отыр. Ал трассалардың жалпы ұзындығы 41 шақырымнан 112–162 шақырымға дейін ұлғайтылмақ. Сонымен қатар өткізу қабілетін тәулігіне 6 мың адамнан 24 мың және одан да көп адамға жеткізу көзделген.
Көлік қолжетімділігі – басты бағыттардың бірі
Негізгі мәселелердің бірі – тауға жетудің ыңғайлылығы. Автокөлікті уақытша қалдыруға арналған тұрақтар, қоғамдық көлік пен шаттлдар адамдарға жеке көлігін міндетті түрде пайдаланбай-ақ тауға жетуге мүмкіндік беруі тиіс.
Тау аймақтарының өзара байланысын жақсарту, бірыңғай навигация жүйесін енгізу және болашақта ортақ ski-pass жүйесін қалыптастыру кластер ішінде жүруді жеңіл әрі түсінікті етеді.
Тау спорты баршаға қолжетімді болуы керек
Қолжетімділік тек көлікпен шектелмейді. Тау инфрақұрылымы дайындық деңгейі әртүрлі адамдарға бейімделуі қажет.
Оқу трассалары, балаларға арналған аймақтар, жабдықтарды жалға беру орындары мен нұсқаушылардың қызметі бұрын тау шаңғысы спортымен айналыспаған адамдарға да жаңа спорт түрін меңгеруге мүмкіндік береді. Отбасы мүшелері өздеріне қолайлы әрі тыныш демалыс түрін таңдай алса, тәжірибелі спортшылар күрделі трассаларда жаттыға алады.
Жеке бағыттардың бірі – инклюзивтілік. Пионер аумағында балалар мен инклюзивті инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде адаптивті спортпен айналысуға және әртүрлі физикалық мүмкіндігі бар адамдардың демалуына жағдай жасау жоспарланып отыр. Бұл таудың кімдерге арналғаны туралы түсінікті кеңейте түседі.
Тау туризмі қыс мезгілімен ғана шектелмейді
Инфрақұрылымды дамыту тауларды қысқы маусымнан тыс уақытта да қолжетімді етеді. Аспалы жолдар жаяу серуендеуге және туристік бағыттарға шығуға мүмкіндік береді. Ал хайкинг, треккинг, веломаршруттар, отбасылық және сауықтыру бағдарламалары шаңғы немесе сноубордпен айналыспайтын адамдарды да тауға тартуға жол ашады.
Осылайша тау курорттары тек қысқы спортпен шұғылданатындарға арналған орын емес, жыл бойы демалуға болатын туристік бағытқа айналады.
Қауіпсіздікке де басымдық беріледі
Таудағы қауіпсіздік – инфрақұрылымды дамытудың тағы бір маңызды бағыты. Арнайы дайындалған маршруттар, навигация жүйесі, табиғи жағдайларды бақылау, қар көшкініне қарсы шаралар, құтқару және медициналық пункттер таудағы демалысты барынша ұйымдасқан әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
Бұл әсіресе тауға алғаш рет келгендерге, балалы отбасыларға және тау туризмімен енді танысып жүрген адамдарға маңызды.
Нәтижесінде курорттық инфрақұрылымды дамыту тауды демалыс орны ретінде пайдаланатын адамдардың қатарын кеңейтеді. Қолжетімді тау дегеніміз – тек биікке көтерілу мүмкіндігі емес. Бұл – тауға ыңғайлы жету, қауіпсіз демалу және жасына, дайындық деңгейіне немесе маусымға қарамастан өзіне қолайлы демалыс түрін таңдай алу мүмкіндігі.
Айдос Мырзахметов қорғаныс министрі болып тағайындалды
Ұқсас жаңалықтар
«Алаяқтар хабарласты деп ойладым»: Алматылық ер адам iPhone ұтып алды
- авторkyn.kz
- 26 қыркүйек, 2026
Таулы курорттарды дамытудағы халықаралық тәжірибе: Алматы үшін мүмкіндіктер
- авторkyn.kz
- 26 қыркүйек, 2026



