Жауапты мекеме басшылығы көмек тұрмақ, кешірім де сұрамады деп өкпелі 83 жастағы әжей, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Өмірін ұстаз болуға арнаған кейуана айналдырған бірнеше айдың ішінде үш отаны басынан өткерді. Ал төртіншісін жасарда жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер өлім аузынан аман алып қалды. Енді сынған иығымен жүруге мәжбүр. Сол күнгі оқыс оқиға оның әлі де көз алдында...
"Музейге бардым, Аллау әкбарымды жасайын, қанша кісі құрбан болды деп. Екінші қабатта әйелдер бар деген соң,сонда шығайын деп лифтіге отырдық. Бірдеңе дүрілдеді, жоғары кеткеннен кейін бір уақытта тарс етіп құладық. Басыма да түсті, топырақ, тас, есімді бірде білемін,бірде білмеймін. Әйтеуір жедел жәрдеммен ауруханаға әкелді. Біреуі келіп «апа, кешір» деген жоқ қой... ",-деді Еркіндік Арықтаева.
Еркіндік әжейдің қызы да мұражай қызметкерлері алдымыздан өтпеді деп ашулы. Тіпті қол ұшын созуға да тырыспады деп отыр. Өскемендегі жұмысынан шығып кетіп, қазір анасына күні-түні қарап жүр.
"Анама өте көп наркоз жасалды. Дегенмен оның әсері қайтқан бойда ауырған жері маза бермей, біршама қиналады. Сүйегі қалпына келу үшін, анам қайта аяққа тұру үшін жан-жақты емдеуге тырысып жатырмыз. Электр мүгедек арбасы мен ыңғайлы кереует сатып алдық. Анализін тексеріп, терапияға барып тұру үшін мүгедектерге арналған такси жалдап жүрміз. Соның бәрі қымбат. Жалпы осы уақыт ішінде ем-домына жалпы 6 млн-ға жуық қаражат жұмсаппыз",-деді Гүлнар Тұрсынбаева, қызы.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының бейнетті күндерін бейнелеген мұражайға барамын деп, табанасты өзі бейнетке қалған әжейдің мәселесін көтеріп «Алжирге» ат басын бұрдық. Басшысы бұл жолы да өз орнынан табылмады. Әйтеуір телефонмен сөйлесе алдық. Самат Тергембаев барлығына лифтке қызмет көрсететін компания жауапты деп кінәлай жөнелді. Ал кейуананың жақындарымен екі-үш рет кездескенін алға тартып отыр. Алайда көмек жайлы сөз қозғалғанда, бір мәмілеге келмеген.
"Біз ол кісілермен неше рет кездестік, неше рет сөйлестік. Содан кейін біз апаға төсек алып берейік, жағдайы қандай, дәрі-дәрмекке көмектесейік дедік. Бірақ арамызда түсіністік болмады. Біз сотқа жеткізбей, мынау нені жабуға мүдделіміз. Қаражат сұрап жатыр ма, әлде? Ол жағын айта алмаймын енді. Ол енді біздің арамыздағы нәрселер ғой",-деді Самат Тергембаев, қала бойынша бірлескен музейлер дирекциясы директорының орынбасары.
Жалпы істен шыққан лифт 2009 жылы пайдалуға беріліпті. Олқылықтары бола тұра, сол кездің жөнделген жоқ деп отыр мекеме басшылығы. Сондай-ақ лифтке қызмет көрсету үшін жылына 350 мың бөлінетіндіктен, компаниялар құлшыныс танытпайтын көрінеді. Ақыры лифттен қайыр болмаған соң, келесі жылы күрделі жөндеу аясында пандустар орнатылмақ. Ал санасы сергек, қимылы ширақ қарияның жақындары тергеудің созылып кеткенін айтып, жауаптылардың жазаға тартылғанын қалайды. Әділ шешім үшін жәбірленуші тарап екі адвокат жалдап отыр.