Қазақстанда мыңдаған адамның ЖСН-індегі цифрлары жаңсақ жазылған, деп хабарлайды KYN.KZ.
Бұл әртүрлі проблема тудыруы мүмкін екен.
Мысалы, алматылық Нұржан Әнуарбек біраз жылдан бері осы нөмірлерін қалай ретке келтіремін деп бас қатырып жүр.
"Маған тағайындалған жеке сәйкестендіру нөмірімдегі туған күніме қатысты цифрлар жеке куәлігімдегі туған күніме сәйкес келмейді. Жағдайды қалай түзеуге болатынын білмеймін. Бұл өмірдің әлдебір саласында проблема әкеле ме деп қауіптенемін", – дейді Нұржан.
Қазақстанда азаматтарды құжаттандыруға Ішкі істер министрлігі жауап беретіні мәлім. Халықтан көп шағым түсетіндіктен, бұл мәселе бойынша ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев түсініктеме берді.
"Әр азамат үшін ЖСН қалыптастыру – туу туралы куәлікті, жеке куәлікті немесе паспортты беру кезінде қолмен емес, ақпараттық жүйеде автоматты түрде жүреді. Осы нөмір бірегейлік пен өзгермеушілік қағидатына негізделген. Яғни әрбір қазақстандықтың ЖСН-і басқа адамның нөміріне ұқсамайды, тиісінше, бірдей екі ЖСН жоқ. Бұған қоса, ол адамға тек бір рет тағайындалады және өмірінің соңына дейін өзгертілмейді", – дейді министр.
Дегенмен мамандардың айтуынша, кей жағдайда өзгереді. Мысалы, қолданыстағы "Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы" заңына сәйкес, жетім бала асырауға берілсе, оның жеке басына қатысты құпияны сақтау үшін ЖСН-ы ауыстырылады екен. Сондай-ақ осы рәсім жеке сәйкестендіру нөміріндегі бақылау разряды (соңғы цифр) оны есептеу алгоритміне сәйкес келмесе, ЖСН өзгертілуі керек.
"Жалпы азамат өз өмірі бойында аты-жөнін, туған күнін, тіпті жынысын және басқа деректерін өзгертуі мүмкін. Алайда ЖСН-ы бәрібір өзгеріссіз қалады. Себебі бұл – меморгандардың ақпараттық жүйелеріндегі сол азаматтың басты идентификаторы болып табылады. Егер мемлекеттік мекемелер, банктер не басқа да ұйымдар адамның туған күні, туылған ғасыры, жынысы оның ЖСН-ындағы цифрларға сәйкес келмейтінін сылтауратып, төлем қабылдаудан, қызмет көрсетуден бас тартса, бұл заңға қайшы екенін атап өтемін!" – деді ішкі істер министрі.