Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы 6 желтоқсаннан бастап билет бағасын төмендетуге міндеттелді, деп хабарлайды KYN.KZ.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен прокуратура органдары Air Astana-ға қатысты бірлесіп тексеріс жүргізіп, оның қорытындысын сотқа тапсырды.
Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жанармай алымын негізсіз қолданғаны үшін әуе компаниясына 876 млн теңгеден астам айыппұл салды.
"Ұшақ билеттерін ұшу күні немесе таяу күндерде сатып алған кезде Air Astana жолаушылардың барлық санатынан 3500-ден 6500 теңгеге дейін жанармай алымын негізсіз алып, оны қолданудың мақсаты мен қағидатын іс жүзінде өз қалауынша реттегені анықталды", - делінген хабарламада.
Air Astana әуе компаниясы мен агенттік арасында ішкі бағыттар бойынша монополиялық/үстем бағыттардағы бағаны тежеуге бағытталған монополияға қарсы комплаенс жасалды.
Біріншіден, 2023 жылғы 6 желтоқсаннан бастап жанармайға қосымша ақы қолдануды алып тастау (ұшу күніне қарамастан 6 желтоқсанға дейін жанармай алымы төленіп сатылған билеттерге қолданылмайды).
Мәселен, Астана-Алматы бағытындағы билеттің орташа бағасы қазіргі 28 435 теңгеден 24 435 теңге болады (баға 14%-ке төмендейді).
Алматы-Ақтау бағытында орташа баға қазіргі 37 568 теңгенің орнына 31 078 теңгені құрайды (баға 17%-ке түседі).
Екіншіден, әуе компаниясы 2024 жылдың соңына дейін ішкі бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдау қызметтерінің бағасын көтермеуге міндеттелді.
Үшіншіден, биыл және 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін Air Astana орташа және төмен бағамен сатылатын билеттерінің саны 70%-тен (яғни, Y, B, H брондау класының тарифтері бойынша тек 30%) төмен болмауға тиіс.
Сондай-ақ, агенттік "әуе еркіндігінің" бесінші дәрежесіне қолжетімділікті кеңейту бойынша жүйелі шараларға бастамашылық жасады.
"Агенттіктің бастамасымен көлік министрлігі "әуе еркіндігінің" 5-ші дәрежесіне қолжетімділікті кеңейту мақсатында шетелдік тасымалдаушылардың отандық әуе компаниялармен қатар жекелеген әуежайларда маршруттар бойынша ұшуды жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейтетін шаралар қабылдады. Бұл шетелдік авиакомпаниялардың келуін ынталандыруға мүмкіндік береді, бәсекелестікке оң әсер етеді және тұтынушылардың таңдауын арттырады", - деп атап өтті ведомстводағылар.
Бұдан бөлек агенттік жанармай алымын алуды тоқтатуды көздейтін заңнамаға түзетулер енгізуді жоспарлап отыр.