Қаржы министрі зейнетақы қорынан алынатын 1,5 трлн теңгеге қатысты түсінік берді
- kyn.kz
- 13 желтоқсан, 2023
- 773
Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Осы тұста мынаны түсіндіріп өтейін. Біріншіден, зейнетақы қорының ақшасы жұмсалмайды, олар инвестицияланатын болады. Қазір 17 трлн теңгеден астам сома қалай десек те инвестицияланып жатыр. Атап айтқанда, мемлекеттің, квазимемлекеттік сектордың құнды қағаздары, басқа да құралдарға. Шамамен 30 пайызы шетелде инвестицияланады. Үкіметтің Ұлттық Банк және "Бәйтерек" холдингі арасында талқыланып жатқан ұсынысқа келсек, осы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттауды білдіреді.
Бұл жобалар экономиканы дамыту үшін синэнергетикалық әсер береді деп күтіліп отыр. Бұл жобалар арқылы жұмыс орындары ашылып, салықтар төленетін болады. Бұл жобалар өзін-өзі ақтайды деуге болады. Сіз бен біздің жинағымыз сақталады", - деді Ерұлан Жамаубаев.
Тіпті кез келген форс-мажор немесе жобаның ақталмауы сияқты жағдайлардың өзінде мемлекет зейнетақы жинақтарымызға кепілдік береді, деп толықтырды министр.