Алматы облысында төрт ауыл үйін қайнаған судың буымен жылытып отыр
- kyn.kz
- 15 желтоқсан, 2023
- 828
Алматы облысында 4 бірдей ауыл сарышұнақ аязда жылусыз қалған, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Өйткені, газдың қысымы төмен болғасын, пештері сөніп қала береді. Ал жауапты компания болса, мәселені ретке келтіру үшін 10 күн керек деп отыр.
"Газ жоқ. Үй суық. Балдардың бәрі ауырып жатыр. Өзім де ауырып жатырмын қайта-қайта. 30:20 Әрқайсысына мысалы 30 мыңға дәрі аласың. Менде бір бала емес, қазір 5 бала бар. Ең кішкентайы бүгіннен бастап жөтеліп жатыр. Бұған да енді укол алып жатырмын",-деді Гүлжахан Құлбаева.
Қыстық киімдері шешілмейді. Қабат-қабат көрпенің астында оранып-қымтанып жатады. Нұрғиса Тілендиев ауылының халқы 2 түнді осылай өткізіп келді. Десе де, бүгін үйлердің басым бөлігіне ойда-жоқта жылу беріліпті.
Жылудың жоқтығын жоққа шығармаған жауаптылар болса, газ тарату станциясы тым алыста орналасқан деп отыр. Яғни, ауылдарға жеткенше қысымы төмендеп кетеді. Әсіресе аязда. Енді көпті тұқыртқан мәселені алдағы уақытта шешпек екен.
"Қазір Қосөзен, Нұрғиса Тілендиев, Қараой, Чапаев ауылдарында газдың қысымы төмен. Бұл ауылдарға газ тарату станциясы алыс орналасқан. Арасы 30 шақырым. Осыған байланысты, біз былтыр құны 700 миллион теңгеден асатын станцияны жақын маңнан соқтық. Енді соған қосып жатырмыз. Мәселе, 10 күннің ішінде шешіледі",-деді Василий Тен, "Алматыгазсервис-Холдинг" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
Тұрғындар болса, қақаған қыстың 10 күнін енді қалай шыдайтындарын түсінбей дал. Бірақ, оған компаниядағылар басын қатырғысы келмейтін сыңайлы. Тастай үйде отырып, әбден ауырып біткен жұрт газ мәселесін жуық арада шешуін талап етуде.