Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Сарапшы: жастарды спортқа әдеттендіру экономикамызға жақсы әсер етеді

Сарапшы: жастарды спортқа әдеттендіру экономикамызға жақсы әсер етеді
El.kz
Спорт функционері Рүстем Тәуекелов спортпен айналысқан ұрпақтың тек физикалық емес ақыл-ойы да сау болатынын атап өтті

Спорт функционері Рүстем Тәуекелов қазіргі ұрпақтың спортқа аз уақыт бөлуі салдарынан туындайтын маңызды мәселелерге тоқталып, физикалық белсенділіктің ақыл-ой саулығына қаншалықты әсер ететінін атап өтті. Белгілі маман спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану туралы ойларын қалың оқырманға тартымды сұхбаты арқылы жеткізді. 


Қазіргі заман ағымы физикалық белсенділікті әбден төмендетіп жібергеніне қарамастан, спорт салаутты өмір салтының ажырамас бөлшегі болып қала бермек. Спорт функционері Рүстем Тәуекелов физикалық белсенділіктің маңызы, спорттың ақыл-ой саулығына әсері мен қоғамдағы дені сау адамның рөліне қатысты пікірін айтты. El.kz-ке берген сұхбатында функционер спортқа деген қарым-қатынасты өзгерту жолдары мен салауатты өмір салтын күнделікті тәртіпке  енгізу әдісін  бөлісті, деп жазды KYN.KZ  тілшісі.


Рүстем, қайырлы күн! Қазіргі ұрпақтың, әсіресе, жастардың спортқа бөлетін шектеулі уақытын өзгертуге бола ма?


Бүгінгі  таңда спорт көпфункционалды қызмет түрінен бөлек, кәсіби спортшылардың ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанатын жалпы қоғамның назарын ерекше аудартуда. Заманауи адамның, оның ішінде жастардың да, ересектердің де қазіргі өмір сүру қарқыны спортқа тым аз уақыт қалдырғанымен, халықтың аз қозғалуға бейімделген өмірі бәрібір де физикалық мәдениет қажеттілігін арттырады. Бұл әр адамның қалауына қарай жасалатын түрлі жүктеме болуы мүмкін. 
Спорт бұқараның денсаулығын нығайтатын әрі сақтайтын фактор ретінде көп жағдайда арнайы дайындалған орындар мен жабдықталған залдарды талап етпейді. Бірақ мемлекеттік реттеуден бөлек, спортты жастар арасында насихаттау әрі спорт жарыстарын ұйымдастыру үшін спорт функционерлері тарапынан қолдау қажет. Әсіресе, еліміздегі барлық оқу орындарында студенттердің спортпен шұғылданғанына баса назар аудару керек. Мұндай тәжірибе біздің оқу орындарында қолданылса, спортпен шұғылданған студенттерді ынталандыру мақсатында белгілі бір балл беріп, мұны оқу жылының қорытынды нәтижесіне қосқан дұрыс.

 
Ақыл-ой саулығы үшін физикалық белсенділіктің маңызы қандай?


Спорт және дене шынықтырумен тұрақты айналысудың нәтижесінде халықтың әлеуметтік белсенділігі артып, денсаулығы нығаяды. Бұл ағзаның физикалық жағдайын тікелей сауықтырып қана қоймай, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануға деген қажеттілігін арттырады, олардың белсенді болуына көмектеседі. Одан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген бірқатар зерттеу қорытындысы бойынша, физикалық жаттығулар адамның психикасын сауықтырып, ақыл-ойының дамуына күш береді. Сондай-ақ, спорт және дене шынықтырумен айналысу өзіңе деген сенімділікті, өз бағаңды арттыруға септігін тигізіп, депрессия мен үрейге жақын адамдарға жақсы әсер етеді.


Демек, сіз оқу орындарында дене шынықтыруды міндеттеу идеясын қолдайсыз ғой?


Жоғары оқу орындары мен өзге де білім ошақтарында спортпен айналысуды міндеттеу керек. Дене шынықтыру дегеніміз – ең бірінші кезекті тәртіпті қалыптастырып, азғаны түрлі сырқаттардан сақтау. Қазіргі тәжірибе көрсеткендей, ересектерде кездесетін ауру-сырқау бүгінде жастардан жиі табылып жатыр. Үнемі тапжылмай отырып жұмыс істеу режимі, түрлі гаджеттер мен онлайн ойындар және құрамы ауыр энергетикалық сусындар жастар арасында семіздіктің, ауа жетіспеушіліктің, жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетінің асқынуына жол ашуда. Міндетті дене шынықтыру мен денсаулық туралы терең білім өскелең ұрпақты жағымсыз әдеттерден, оның ішінде қазіргі жастар арасында кең таралып, біздің қоғамның үлкен проблемасына айналған синтетикалық заттардан қорғау мүмкіндігін береді. Оқу орындарында жастардың спортқа бейімделуін мақсатты түрде қалыптастыру ой-танымның кеңеюіне әкеліп қана қоймай, экономикалық секторға да оң әсер етеді. Мәселен, спорттық экипировкалар мен жабдықтар, спорттық киімдер мен тағамдар, сондай-ақ, спортқа қатысты тауарларды өндіретін орта және шағын бизнес өкілдеріне жол ашылады.


Спорт экономикаға қалай әсер етеді? Жалпы әсері бар ма?


Ауқымды түрде қарайтын болсақ, спорт экономиканың маңызды секторы саналады. Өйткені, бұл спорттық туризмді, спорт тауарларын сатып, сатып алуды, спорттық нысандардың құрылысы мен жұмысын, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру ісін, медицина мен оңалту саласын, зерттеу мен талдауды, сондай-ақ, маркетинг пен жарнама бизнесін қамтиды. Сондай-ақ, бұл халықты жұмыспен қамтуға тікелей ісер етеді. Мәселен, инженерлер мен жасақтаушылар, бапкерлер мен спорт дәрігерлері, спорт журналистері мен комментаторлар, спорт тауарлары мен құрылғыларын сатушылар. Дамыған елдерде спорт үлкен көлемді жұмыс орындарын талап ететін экономика саласы болып есептеледі. Сол себепті, халықты жұмыспен қамту саласында спорттың үлесі жоғары. 
Спорттың барша әлемдегі танымалдығы спорттық индустрияның экономикалық құндылығымен өлшенеді. Тек қана Америка құрама штаттарында спорттық индустрия 160 миллиард доллардан астам қаражатқа бағалануда. Бұл спортты елдегі ең ірі  саланың біріне айналдырып отыр. Мұнда маркетинг те өте маңызды роль ойнайтынын ұмытпау керек. Маркетинг қоғамның қалауы мен қажеттілігін анықтап, сол талаптарға сай тауарлар мен қызмет түрлерін шығарады. Бәріміз білетіндей, күні кешеге дейін спорттық киімдер мен спорттық  аяқ киімдер тек қана спортшылар үшін айрықша дүние еді және кәдімгі кроссовкилерді тек қана арнайы спорт дүкендерінен алатынбыз.

 
Қалай ойлайсыз, қандай маркетингтік стратегия салауатты өмір салтын тиімді түрде насихаттай алады?

 

80-90 жылдары спорттық аяқ киімді күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналдырған Nike спорттық брендінің маркетингтік табысы туралы тарих бәріне белгілі. Немесе, маркетингтің тағы бір мысалына айналған, еркін стильмен киінуді насихаттайтын Casual Friday-ді алайық. Маркетологтар еркін стильмен киіну жұмысқа деген белсенділік пен өнімділікті арттыратынына, әсіресе, киімдегі жайлылық осы жағдайға әкелетініне «сендірді». Осылайша, адамдарға салауатты өмір сүру идеясын насихаттау арқылы спорттық бизнес өз әлеуетін көтеріп алды. 


21 ғасырда адамдар тек жарыс немесе денсаулықты сақтау үшін ғана емес, өз рахаты үшін де айналысады спортпен. Қоғам мүшелері спортты өзінің әлеуметтік және мәдени дамуының құралы санайды. Атап айтқанда, дамыған елдер спортты өмір стиліне айналдырып, экономикалық дамудың қайнары санайды. 


Осылайша, спрт әлемі бизнеспен, экономикамен, қоғаммен тікелей байланысты. Ал қоғам бөлшегі ретінде қарайтын болсақ, спорт – бұл салауатты өмір салты, қосымша жұмыс орындары мен адамдық капитал сапасын арттыру құралы. Бизнес пен экономика тұрғысында спорт барша әлемде нарықтың үлкен сұранысына ие нишаға айналды.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар