"10 айда 37,9 мың адам зардап шеккен": Сенатор интернетте алаяқтық асқынғанын айтты
- kyn.kz
- 22 желтоқсан, 2023
- 898
Сенат депутаты Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында банктердің киберқауіпсіздік деңгейі төмен екенін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық деректеріне сүйенсек, 2021 жылы республика аумағында 40402 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 39671 азамат 120 341 млн теңге көлемінде зардап шеккен. 2022 жылы 42 813 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 42 621 азамат 97 329 млн теңге көлемінде зардап шекті. Биылғы он айдың өзіңде 36 462 алаяқтық дерегі тіркеліп, одан 37 987 азамат 154 110 млн теңгеге зардап шеккен", - деді сенатор.
Оның дерегінше, алдыңғы жылдармен салыстырғанда тіркелген алаяқтық деректер саны 15%-ға азайса, зардап шеккендердің қаржылай шығыны керісінше 58%-ға артқан.
Осы мәселеге байланысты депутат елдегі банктерге қатысты бірқатар сын-ескертпе айтты.
"Таңғалатын жайт, банктер қомақты пайда таба отырып, неге өздерінің киберқауіпсіздігін күшейтпейді және тұтынушыларды алаяқтардан қорғай алмайды? (...) Жүздеген адамның қаржысын небір құйтырқы жолдармен иеленуге басы жеткен адамның өз мүлкін өз атына жазбасы анық. Осы ретте алаяқтың өз атында мүлкі болмаса, шығын кімнің есебінен өтеледі және оның алгоритмі қалай болмақ?", - деді Геннадий Шиповских.