Әділет министрлігі атышулы Бишімбаев ісіне қатысты тың деректерді айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
"Қуандық Бишімбаевтің ісіне қатысты айтар болсақ, Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жасау туралы қылмыстық іс аясында материал келіп түскені рас. Оның қалай қайтыс болғанына қатысты мән-жайды айта алмаймыз. Қылмыстық іс аясында 12 түрлі сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы шығарылып, құзырлы органдарға жіберілді",- деді Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі.
Он бірінші сараптама осы аптада аяқталады, дейді ресми өкіл. Ал соңғысы күні кеше ғана келіп түскен. Талдаудың қорытындысы құзырлы орындарда жолданғаннан кейін, іс екі тараптың танысуына жіберіледі. «Жалпы тергеу амалдары таяу арада аяқталуы тиіс» деді Марат Қожаев бүгін Сенат кулуарында. Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 9 қарашада ұсталған. Экс-министр некелі жарын асқан қатыгездікпен өлтірді деп айыпталуда. Марқұм 31 жастағы Салтанат Нүкенова оқиға орнында алған ауыр жарақатынан тіл тартпай кеткен. Бұрын істі болған, бірақ жазасын толық өтемей бостандыққа шыққан Бишімбаевқа бұл жолы қаншалықты ауыр жаза тағайындалатыны әзірге белгісіз. Күдікті қазір тергеу изоляторында қамауда.
"Жақын арада бітуі керек, сараптамалар дайын болған соң. Ақпарат бәрі дайын деп айта алмаймын. Сараптамалар біткен соң, тергеуші істі бітірген соң, іс құжаттарымен екі жақты да таныстыру керек. Ол да бір уақыт алады. Содан кейін сотқа жіберіледі",-деді Марат Қожаев, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары.