Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 11-17 желтоқсан аралығында елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды KYN.KZ.
Жылдық мәнде 3,9 пайызға өскен. Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесіне 19 түрлі тауар кіреді. Олардың қатарында бірінші сұрыпты бидай ұны, рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, асханалық сәбіз, пияз, қант, күнбағыс майы және т.б. бар. Орташа бағасына келер болсақ, 12 желтоқсанға қарай күріштің келісі – 482 тг болса, сиыр еті – 2 506 тг/кг, ал орамжапырақ 149 тг тұрады.
Жақында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 31 желтоқсанға қарай азық-түлік бағасы өзгере ме деген тілшілердің сұрағына жауап берді. Ведомство басшысының сөзінше, мерекелік дастарханның баға индексіне қатысты болжам жасалған. Жұмсақ қаптамадағы сүт, мандарин, шампан сияқты өнімдердің бағасында белгілі бір өзгеріс бар. Министрлік жалпы саны 37-ге жуық тауар түрін алып қараған. Арман Шаққалиев бүгінгі таңда жылдық инфляция шамамен 10,3 пайыз екенін атап өтті. Бұдан бөлек министр жаңа жыл дастарханының бағасына да тоқталды. Сөзінше, мерекеге қарай стандарт себет сатып алып, 24 мың теңге ақша жұмсаған.
Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұтыну бағасыныңиндексінде 550 негізгі тауар барын жеткізді. Министр бұл тізімге жаңа жыл қарсаңында сұранысқа ие мандариндер кірмейтінін баса айтты.