«Кеттің бе – қайырылма!»: Тоқаев Назарбаевқа саяси құйтырқылық жайлы ашық айтқанын мәлімдеді
- kyn.kz
- 3 қаңтар, 2024
- 7.1k
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «2019 жылы президент лауазымына сайланғаннан кейін елімізде қосарланған билік жүйесі қалыптасты ма?» деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Келесі сұрақ сізге ұнамауы мүмкін. Бірақ бұл сауалды қоймасқа тағы болмайды. Сіз 2019 жылы Президент лауазымына сайланғаннан кейін елімізде қосарланған билік жүйесі қалыптасты-мыс деген сөз тарады. Кейбіреулер біздің саяси жүйемізді Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстырды. Шынымен де, сол кезде елімізде екі билік орталығы орнағандай көрінді. Расымен солай болды ма?" – деп сұрайды сұхбатта Дихан Қамзабекұлы.
Төтесінен қойған сұраққа мемлекет басшысы тура жауап берейін дейді. Конституцияға сәйкес, президент еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтынын, мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларын, Қарулы күштердің жоғары басшылығын тағайындайтынын, оларды қызметінен босататынын атап өтеді. Сондай-ақ мемлекет басшысы еліміздің Жоғарғы бас қолбасшысы саналады.
Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде президент әрі жоғарғы бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы президент иеленген Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.
Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санайды.