Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қаңтар оқиғасына қатысты жаңа деректер айтылды

Қаңтар оқиғасына қатысты жаңа деректер айтылды
ашық дереккөзі
"Қанды қаңтар" қырғыны бойынша әр өңірдегі халықтың алаңға шығуына себеп болған жағдайлар айтылды

"Хабар" арнасының эфирінде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты жаңа деректі фильм жарық көрді. Фильмде екі жыл бұрынғы "қанды қаңтардың" хронологиясы көрсетілген. 

Фильм авторлары көрерменге жаңа деректер ұсынып, тәртіпсіздік кезіндегі эксклюзивті кадрларды жинақтау арқылы оқиғаның нақты хронологиясын ұсынған. 2022 жылғы 1 қаңтарда Батыс Қазақстанда газ бағасының көтерілуіне байланысты халық наразылығын білдірген болатын.

"Газ бағасы 60 теңгеден 120 теңгеге көтеріліп кетті. Бұл өңір үшін аса маңызды сұйытылған отын. Оны көптеген көлік қолданады. Бастапқыда бейбіт митингтер болды. Бірақ бұл әлеуметтік шиеленісті тудыру үшін әдейі жасалған болуы мүмкін деген болжам бар. 2 қаңтар күні Ақтау мен Маңғыстау облысында жағдай ушыға бастады", - деді жүргізуші.

3 қаңтар күні Атырау, Ақтөбе, БҚО, ШҚО, Алматы облыстары мен Алматы қаласында бейбіт митингтер өтті. Алайда жүргізушінің айтуынша, кейін жағдай күрт өзгеріп, өңірлерде тәртіпсіздік басталды. Олар 11 өңірді қамтыды. Тәртіпсіздікке қатысқандар мемлекеттік төңкеріске шақыра бастады. Бейбіт митингтер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіп бұзушылар мемлекеттік мекемелердің ғимараттарын өртеп, Ұлттық Ұлан мен полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады. Жүргізушінің айтуынша, ұйымдастырушылар Алматыны жаппай тәртіпсіздіктің орталығы етіп белгілеген.

Сол күні оңтүстік астана көшелерінде бетперде киген адамдар көбейіп, әкімдік, президент резиденциясы, "Қазақстан" телерадиокомпаниясының ғимараты өртеніп жатты. Полиция департаментіне алты қарулы шабуыл жасалды. "Бұл жай ғана тәртіпсіздік мен бұзақылық әрекеттер емес. Бұл - мемлекеттік төңкеріс жасаудың бір амалы. Басты мақсат - Тоқаевты президенттіктен кетіру. Белгілі болған фактілерге сүйене отырып, бұл алдын ала ұйымдастырылған жоспар екенін айтуға болады. Әр әрекет қатаң бақылауда болған. Оларды қолдап отырғандар болды. Ондай адамдардың бірі - "Дикий Арман". Ол "Қазақстан" қонақ үйін өз штабына айналдырды. Кейін тергеу барысында оның Кәрім Мәсімовтың жақын адамы екені екені белгілі болды.

Бұған дейін шетелде жасырынып жүрген Арман Жұмагелдиев Қазақстанға алдын ала 2022 жылдың 17 желтоқсанында келіп алған", - деді жүргізуші. Оның айтуынша, 2022 жылдың 7 қаңтарында Қазақстанның барлық өңірінде конституциялық тәртіп орнатылды. "Арнайы операция барысында "Дикий Арман" мен оның тобының бірнеше мүшесі ұсталды. Қазіргі уақытта Жұмагелдиев пен ұйымдасқан қылмыстық топтың 40-тан астам мүшесіне қатысты сот жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар оқиғаның үш кезеңін іске асырды.

Бірінші кезеңде бейбіт жиындар болып, кейін тәртіпсіздіктер басталған. Ал үшінші кезеңде нағыз қылмыскерлер, террористер қосылды. Олар асқан қатыгездік танытты. Сонымен қатар төртінші кезең де жоспарланған болатын. Еліміздің барлық террористік ұйымдары белсенділік танытып, кейін тәртіпсіздік жалғасқан жағдайда Қазақстанға Ауғанстан мен Сириядан дайындығы бар жасақтар жібермек болған. Алайда еліміздегі тәртіпті қалыпқа келтіру бойынша атқарылған шұғыл шаралар бұл жоспардың іске асуына және Сирия сценариінің Қазақстанда қайталануына жол бермеді", - деді жүргізуші.

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар