Ішінде төрт адам болған: Павлодар облысында жер астына түсіп кеткен автобусты әлі іздеп жатыр
- автор kyn.kz
- 5 қаңтар, 2024
- 1.8k
Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні Майқайың кеніші шахтасының аумағында терең шұңқырға құлап кеткен автобусты іздестіру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ТЖМ Telegram арнасында хабарлады.
"Опырылу орнында әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекаралары тұрақты емес. Құтқарушылар жоғары қауіпті режимде жұмыс істеуде. Оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен ТЖ вице-министрі Мереке Пішембаев бар", - делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратынша, іздеу жұмыстарына Астана қаласы мен Павлодар облысы ТЖД кинологиялық есептоптары тартылды. Оқиға орнында барлығы 116 адам және ТЖМ, полиция, КӘАҚҚ РОШ, "103" қызметі бөлімшелерінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 23 техникасы жұмылдырылды.
Еске сала кетсек, Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні Майқайың кеніші шахтасының жанында автобус терең шұңқырға құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді. Олардың денесі жер бетіне шығарылған. Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, автобуста 4 адам болды - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі.