Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Журналист : министрлік миллиондарға алынған вакцинаны сыртымыздан салып, елді алдап жатыр ма?

Журналист :  министрлік миллиондарға алынған вакцинаны сыртымыздан салып, елді алдап жатыр ма?
Kyn.kz
Гүлбану Әният 1414 номерінен өзін вакцина алуымен құттықтаған хат алып, қайран қалған

Белгілі журналист Гүлбану Әният  еш ойламаған жерден 1414 номері арқылы өзіне екпе салынғаны жайлы құттықтау хаты келгенін көріп  қайран қалған. Сөзінше ол екпе алмақ тұрмақ, тіпті тіркелген емханасына бармағанына ұзақ уақыт болған. Жақында ғана Денсаулық сақтау министрлігі өршіген қызылша вирусына байланысты вакцина алып, оны тез арада халыққа салу міндеті жүктелгенін хабарлаған еді. Енді мына жағдай  көпшілікті екпеге жұмсалған миллиондар сөз жүзінде іске асырылып, тағы бір жемқорлықтың ұшы көрінеді ме деген ойға қалдырды.

"Мына хабарлама 1414-тен келіпті. Бірақ мен ешқандай екпе салдырмадым. МӘМС-ке ай сайын ақшалай үлес қосқаным болмаса, емхананың бетін көрмегеніме бір жылдан асты-ау. Бірақ мені “ревакцинациядан сәтті өттіңіз” деп құттықтап қойыпты.

Бүгін Үкіметте Денсау министрі қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша бір жарым млн дозасы сатып алынғанын айтты. Үкімет басшысы “оны қысқа мерзімде егу қажет” деді.

Бұлар сонда миллиондарға алынған вакцинаны сыртымыздан салып, елді алдап жатыр ма?! Түсінбедім..",-деп жазды  журналист Гүлбану Әният.

Бұған қатысты Денсаулық сақтау министрлігіндегілер ресми пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, елде вакцина алғандарды есепке қою электронды форматта жүргізіледі.

"Министрлік вакцинамен басқарылатын ауруларға қарсы вакциналанған адамдардың электрондық есебін жүргізеді. Медицина қызметкерлері вакцинация жүргізгеннен кейін ақпаратты ақпараттық жүйеге енгізеді. Осыдан кейін пациентке вакцинадан өткені туралы, оның ішінде баласы вакцинацияланған болса ата-аналарына смс-хабарлама келеді", - дейді министрліктің баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар министрлік вакциналау туралы ақпаратты азаматтар Egov mobile мобильді қосымшасында eDensaulyq бөлімінде, соның ішінде балалар бойынша ақпарат ала алатынын жеткізді. Сондай-ақ осы бөлімде ұлттық күнтізбеге сәйкес вакциналау туралы ақпарат бар. Министрлік өкілі жоғарыда аталған жағдайға бөлек тоқталды. "Егер пациент SMS алса (немесе eDensaulyq бөлімінде eGov mobile-де нақты емес ақпарат тапса), бірақ вакциналанбаған болса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласып, осы туралы хабарлай алады.

Сондай-ақ егер пациент eGov mobile-дағы eDensaulyq бөлімінде вакциналау факттері бойынша деректер жоқ екенін анықтаса, тіркелген жері бойынша емханаға хабарласып, деректерді ақпараттық жүйеге енгізуді растауы қажет", - деп жауап берді министрліктің баспасөз хатшысы. 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар