Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Бишімбаевтың ата-анасы қарындасымның бағалы заттарын бермей қойды": марқұм Нүкенованың ағасы мәлімдеме жасады

"Бишімбаевтың ата-анасы қарындасымның бағалы заттарын бермей қойды": марқұм Нүкенованың ағасы  мәлімдеме жасады
ктк
Айтбек Амангелді: Мен олардың үйіне барған кезде олар тіпті кінәлі кейіп те танытпады

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді KTK арнасы тілшілеріне берген сұхбатында қарындасының өліміне қатысты істің нүктесі әділ қойылуы үшін қолынан келгенін жасайтынын мәлімдеді. Қазіргі таңда Нүкеновтер отбасы сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен танысуды бастады, деп жазды KYN.KZ  тілшісі.

Телеарна дерегінше, марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары әлі күнге дейін делсал күйде, ал ата-анасы бір апта бұрын ауруханадан шыққан. Телеарнаға сұхбат берген марқұм әйелдің ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаев лауазымды достары мен таныстарының көмегімен жазадан сытылып кеткенін қаламайтынын жеткізді. 

"Қуандық Бишімбаев ең ірі министрліктің тізгінін ұстады. Әлі күнге дейін билік тармағында оның жақын достары, таныстары бары сөзсіз" (...), – дейді Айтбек Амангелді. 

Айтбек Амангелдінің сөзіне сенсек, қайғылы оқиғадан кейін тергеуші Нүкеновтер отбасын Қуандық пен Салтанаттың үйіне марқұмның заттарын алып кетуге шақырған. 

"Ата-анам есеңгіреп, ауруханада жатқандықтан Салтанаттың заттарын алып кетуге мен бардым. Үйде Қуандық Бишімбаевтың анасы мен әпкесі болды. Адвокаттары алдымыздан шықты. Ал туыстары кінәлі кейіп те танытпады. Анасы Салтанаттың заттарын жерге лақтырып, әшекей бұйымдарының бірін де бермеді. Құнды дүниелердің біразын Салтанат тұрмысқа шықпай тұрып алғанын ескерткім келеді", – деді Салтанат Нүкенованың ағасы. 

Нүкеновтар отбасының адвокаты Жанна Оразбақова болса, Бишімбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін алға тартты. 

"Қылмыстық істің "опасный рецидив" дегені бар. Ол алдында сотталған. Ерекше ауыр қылмыс істеп, ол жазасын өтемеген. Ол өтелмеген жазасы әлі бар. Сондықтан оның өтелмеген жазасы мен қазіргі жазасы қосылып, өмір-бақи бас бостандығынан айырылуы мүмкін", – деді Жанна Оразбақова. 

Телеарна ақпараты бойынша, Айтбек Амангелді сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен танысуға Астанаға арнайы келген. Бүгінде ол сараптама қорытындысымен танысуды бастаған және сараптаманы толық зерделеуге бір ай кететінін айтып отыр.

Бишімбаевқа қатысты іс 11 томнан тұрады. Астана полиция департаменті аталған істі прокуратураға жолдауды жоспарлап жатыр. Бірақ әуелі тараптар істің қорытындысымен танысып үлгеруі керек. Қазір Қуандық Бишімбаев Астанадағы тергеу изоляторында. Оның тергеу изоляторында өткізген әр күні бір жарым күнге есептеліп жатыр. Нүкеновтер отбасы Қуандық Бишімбаевты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесуді талап етіп отыр. 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар