Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Жаңа азаматтық кодекс: Бизнеске қандай өзгеріс әкелетіні айтылды

Жаңа азаматтық кодекс: Бизнеске қандай өзгеріс әкелетіні айтылды
Әлееуметтік желі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу туралы бастамасы елдің құқықтық жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам болуы мүмкін.

 Мұндай пікірді заңгер Маржангүл Әкімжанова Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында белгіленген міндеттерге қатысты білдірді.

Сарапшының пікірінше, азаматтық заңнаманы жаңарту қажеттілігі ең алдымен экономикадағы өзгерістерге, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына және мүліктік қатынастардың жаңа түрлерінің пайда болуына байланысты.

«Күн сайын дерлік өзгеріп жатқан заманда азаматтық құқық өзгеріссіз қала алмайды. Сонымен бірге кез келген жаңғырту барысында қандай нормаларды шынымен жаңарту қажет екенін, ал қайсысы өзінің тиімділігін дәлелдегенін түсіну маңызды», – деді Маржангүл Әкімжанова.

Заңгер Қазақстанның қолданыстағы Азаматтық кодексінің Жалпы бөлімі 1994 жылы қабылданғанын еске салды. Құжат нарықтық экономиканың қалыптасу кезеңінде әзірленіп, меншік құқығын қорғау, шарт еркіндігі және азаматтық айналымға қатысушылардың дербестігі сияқты құқықтық негіздерді қалыптастырды.

Алайда бүгінгі таңда заңнама алдында жаңа міндеттер тұр. Олардың қатарында жасанды интеллектіні пайдалану, цифрлық активтердің айналымы, электрондық платформалардың дамуы және шарттық қатынастарды автоматтандыру мәселелері бар.

Алдағы реформа кәсіпкерлік орта үшін де ерекше маңызға ие болуы мүмкін. Сарапшының айтуынша, жүйелі әрі заманауи азаматтық заңнама шарттық қатынастардың болжамдылығын арттыруға, мүліктік құқықтарды қорғауға және бизнес үшін құқықтық белгісіздікті азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заңгер реформаның табыстылығын бағалауда басты өлшем тек заң нормаларын жаңарту емес, олардың іс жүзінде қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні болуы керектігін атап өтті.

Яғни заңнама азаматтарға түсінікті, кәсіпкерлер үшін болжамды болуы және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді тетіктерін қамтамасыз етуі тиіс.

Еске салайық, 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Азаматтық кодексті әзірлеп, 2027 жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырған болатын.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар