Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Рудныйлықтар баспаналы болды

Рудныйлықтар баспаналы болды
Кеншілер шаһарында сонау 90 жылдардан бері қаңырап тұрған ғимараттар кәдеге жаратыла бастады.

Өткен жылдың желтоқсан айында Ленин көшесінде орналасқан сондай үйлердің бірі күрделі жөндеуден өтіп, 40 отбасы баспаналы болса, жергілікті бюджет есебінен қалпына келтірілген тағы бір үй осы аптада халықтың игілігіне берілді. Жылдар бойы баспана кезегінде тұрған 55 отбасы Горький көшесіндегі 64-ші үйде қоныс тойын тойлады.

 

Горький 64 мекенжайында орналасқан бұл үй бұдан бұрын студенттердің жатақханасы болған. Жылдар бойы бос тұрған ғимаратты жеке меншік иесінен «Qazaqstan Construction Holding» ЖШС компаниясы сатып алып, әкімдікпен жасалған келісімшарт бойынша өткен жылдың сәуір айында қалпына келтіру жұмыстарын бастаған. Ғимарат бөлмелерін жөндеумен қатар, құрылысшы арнайы сараптама жүргізгеннен кейін, алтыншы қабатын қосуды шешкен. Соның арқасында пәтерлер саны артып, 67-ге жеткен.

Жаңа үйдегі пәтерлер алдымен көпбалалы отбасыларға, жетімдер мен мүгедектерге, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жандар мен мемлекеттік қызметкерлерге жалдамалы негізде берілді. Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қатысқан қала әкімі Виктор Ионенко айтқандай, осындай бос тұрған ғимараттарды қалпына келтіру есебінен, баспана кезегінде тұрғандардың саны былтырдан бері айтарлықтай қысқарған.

– Қаламыз бойынша жылдар бойы бос тұрған ғимараттар саны 11 болса, соның жетеуіне өткен жылдан бері қалпына келтіру жұмыстарын жоспарлап қойдық. Желтоқсан айында 40 отбасы Ленин көшесіндегі №107 үйде қоныс тойын тойлады. Тағы елу шақты отбасы осы үйге орналасып жатыр. Жалпы жоспарымыз бойынша биыл осындай 3 ғимаратқа жөндеу жұмыстарын аяқтауды көздеп отырмыз. 2023 жылы шаһар бойынша пәтер кезегінде тұрғандар саны 5300 болса, қазір 4100-ге дейін қысқарды. Келесі жылы тағы 600 пәтер пайдалануға беріледі, – деді Рудный қаласының әкімі.

Жаңа үйдегі пәтерлердің бірі толық емес отбасы санатына кіретін тұрғын Анна Воронкинаға да бұйырды. Отбасының жалғыз асыраушысы баспана кезегінде 15 жыл тұрғанын айтады.

– Бүгін көптен күткен пәтерімізге қол жеткіздік. Еуропалық стандартпен жасалған 3 бөлмелі баспанаға ие болып отырмыз. Әрине, кезегіңіз келді деген хабарды естігенде өте қуандық. Бөлмелері кең әрі ыңғайлы орналасқан. Маған және қызыма пәтердегі жуынатын бөлмесі мен ас бөлмесі ұнап отыр. Бұйыртса жақын күндері көшіп келеміз, – дейді баспана иесі.

Рудныйдың қала құрушы компаниясы – «ССКӨБ» АҚ-ның өнеркәсіптік кешенінде слесарь жөндеуші болып еңбек ететін Нұрлан Ұзынжасов та пәтерге ие болғандардың қатарында. Көп балалылар санатына жататын бұл отбасы пәтер кезегіне осыдан 4 жыл бұрын тұрыпты. Бес баланың әкесі Нұрлан бүгін үш бөлмелі пәтер кілтін алғанына қуанып отыр.

– Үкіметіміз 3 бөлмелі үй беріп жатқанына үлкен алғысымды айтамын. Бұдан бұрын бірлестік (ССКӨБ) ұсынған пәтерде уақытша тұрып келдік. Барлығы ұнап жатыр. Пәтеріміздің жалпы аумағы 85,6 шаршы метр. Жуынатын, ас әзірлейтін бөлмелері өте кең. Келген қонағымызды кең үйімізде қарсы алатын болдық. Әкімдік пен құрылысшыларға рахмет, – дейді бірлестік қызметкері.

Айта кетейік, жаңа үйдегі жалдамалы пәтерлердің алтауы медицина қызметкерлеріне де қарастырылған. Оның үшеуі қалалық көпбейінді ауруханада еңбек ететін мамандарға бөлінсе, 3 пәтер Рудный емханасының жас дәрігерлеріне берілді.

– Рудный қалалық көпбейінді аураханада ультрадыбыстық диагностика кабинетінің дәрігері болып еңбек етемін. Осы уақытқа дейін күйеуіммен бірге пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрдік. Жас маман ретінде пәтер кезегіне тұрып, жаңа жылды жақсы жаңалықпен қарсы алып жатырмыз. Пәтердің іші кең, бөлмелері жылы. Жақында тұңғышымыз дүниеге келгендіктен, жайлы пәтер алу біз үшін маңызды мәселе болды. Әкімдік пен аурухана басшылығы тарапынан көрсетілген мұндай қолдауға үлкен рахметімізді айтамыз, – дейді жас дәрігер Гүлбаршын Бабасова.

Жаңарған үйде бір бөлмелік – 18, екі бөлмелік – 38 және үш бөлмелік – 11 пәтер қарастырылған. Мәселен, екі бөлмелі пәтерлердің жалпы аумағы 50-55 шаршы метр болса, үш бөлмеліктері 85 шаршы метрге дейін жетеді. Бұдан бөлек, салтанатты жиын барысында айтылғандай пәтер кезегінде тұрған басқа азаматтарды баспанамен қамту үшін, мердігер осы жылдың ақпан айында Ленин көшесіндегі №215 үйді жөндеуді аяқтаймыз дейді.

 

 

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар