Алматыда жердің сілкінуі қайталанып жатқан себебін мамандар түсіндірді
- автор kyn.kz
- 26 қаңтар, 2024
- 6.8k
23 қаңтардан бері Алматыда 2 балдық бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жерасты дүмпуі неліктен қайталанып жатқанын түсіндіріп берді.
Ведомство өкілдерінің сейсмологтар ұсынған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлауынша, Алматыдағы сейсмикалық белсенділікке 23 қаңтарда Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған күшті жер сілкінісі себеп болып отыр.
Оның сейсмикалық толқындары жақын маңдағы елдерге, соның ішінде Қазақстан аумағына да тарады. Әдетте мұндай қарқындағы жер сілкіністерінен кейін 2 балл болып сезілетін көптеген дүмпу болады. Бұл соңғы бірнеше күнде байқалған жағдай. Алайда, мамандардың сөзінше, бұл құбылыс Алматы аумағына қауіп төндірмейді.
"Жер сілкінісі ошағында дүмпу әлі күнге дейін қайталанып жатыр. Бұл заңды құбылыс, бұл процестің қанша уақытқа созылатынын нақты айту қиын. Бұған көптеген фактор әсер етеді: жер сілкінісі ошағы орналасқан аймақтың сейсмикалық қауіптілігі, жер қыртысының геологиялық құрылымы және тектоникалық ерекшеліктер. Сейсмикалық қауіптілікті белсендіру процесі бірте-бірте басылады және ол қалыпты режимге оралады", - деп түсіндіреді мамандар.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қазіргі уақытта әлемде алдағы жер сілкінісінің нақты уақыты мен орнын болжай алатын әдістер жоқ екенін атап өтті: әзірге ғалымдар бұл бағытта тек зерттеу жүргізіп жатыр.