"Сирияға кеткен": Халықаралық террористік ұйымға қатысы бар деген қазақстандық Ыстамбұлдан депортацияланды
- автор kyn.kz
- 29 қаңтар, 2024
- 1.5k
27 қаңтарда халықаралық террористік ұйымның әрекетіне қатысы бар болуы мүмкін күдікті 22 жастағы қазақстандық Ыстамбұлдан Алматыға депортацияланды. Бұл туралы KYN.KZ ҰҚК ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу материалдарына сәйкес, Түркістан облысының тумасы 2020 жылы Сирияға кетіп, онда қарулы топтардың бірінің құрамына кірген.
"Оны ұстауды және отанына беруді ҰҚК түркиялық серіктестерімен бірлесіп, сондай-ақ Қазақстан республикасының Бас прокуратурасы мен ІІМ-нің қолдауымен ұйымдастырды.
Ұсталғанға қатысты ҰҚК Қылмыстық кодекстің 257-бабына сәйкес террористік әрекетке қатысу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруде", - делінген хабарламада.
Ол сот санкциясымен қамауға алынды. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
ҰҚК баспасөз қызметі мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.