"Видеоға түсіріп, пышақпен қорқытты": 17 жастағы қызды екі жыл зорлап келген күдікті ұсталды (видео)
- автор kyn.kz
- 12 ақпан, 2024
- 2.6k
Алматы облысына қарасты Жетісу ауылында есірткіден есі кеткен жігіттер 16 жастағы бойжеткенді мәжбүрлеп, психотропты заттарға тәуелді етіп, зорлап келген, деп хабарлайды KYN.KZ Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Бойжеткенді алғашқыда достыққа тартқан көрші балалар артынша оны қорқытып, күш көрсетіп, есірткі тұтынуға мәжбүр етіпті.
– 9 сынып қалай бітірдім, Азат есімді баламен таныстым. Ол достарымен таныстырды. Жаз мезгілінде араласа бастадым. Бірге қыдырдық, одан кейін келіспеушілік көп болды. Мені қорқыта бастады, мені видеоға түсірді, пышақпен қорқытты. Үйдегілерге айта алмадым. Зорлады, ұрды, таяқ та жедім, – деді жәбір көрген бойжеткен.
Отбасының жауқазындай жалғыз қызы «жауыздардың» қолына есін білмей түсіп, зорлыққа тап болған. Жақындары оның мұндай мүшкіл халін байқаса да, қызынан ешқандай жауап ала алмапты. Барлық мән-жайды туыстары жасөспірім үш тәулікке жоғалғанда білген. Іздеу салып, әбден әбігерге түскен туыстары қызды үсті-басы көгеріп, әлсіз күйде жатқанда тапқан.
– Балам жоғалып кетті. Мектепке, 102-ге хабар бердім. Кешкі сағат 9:30-да баламды ес түссіз әкеліп тастады. Үйге келіп, жедел жәрдем көлігін шақырдық. Ол жансақтау бөлімінде 5 сағат жатты. Ауруханадан келгеннен кейін, үйге ата-анасы кешірім сұрап келді. «Шығынды көтерейік» дейді. Мен оларды танымаймын, – деді қыздың анасы.
Отбасы бір жыл бойы қатты өзгерген қыздарын танымай, психологқа жүгінген. Алайда еш көмек алмаған бойжеткен амалсыздан түрлі әрекеттерге барып, өмірімен де қоштаспақ болған. Ал доспыз деп шыққан азаматтар күнде оқушыны аңдуды доғармаған.
– Бөлмесінде қызым есікке асылмақ болды, Түркиядан келсем қолы кесіліп келді. Сұрадым, айтпайды. «Айтсаң ініңді, мамаңды өлтіріп кетем. Сенің ағаң жоқ, әкең жоқ, ешкімің жоқ» деп қорқытқан. Бала қорқып мектепке барады, аналар оны тосып алады, – деді қыздың анасы.
– Жетісу ауылының тұрғындары «жеңіл жүрісті» қыз деп жазып жатыр. 13-14 жасында неге көз жұмып отырды екен? Жаны ашыса, сол кезде неге шара қолданбаған? Мектепте, полицияда есепте тұрыпты. Үйден жоғалады екен, – деді қоғам белсендісі Ақмарал Басирова.
Қазіргі таңда аталған іс бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды.
– Облыстық Полиция департаментінің аумақтық бөлімшесі, болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу іс-шараларын жүргізуде. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысын ерекше бақылауыма алдым. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
17 жастағы қыз қаладағы оңалту орталықтарының бірінде ем алып жатыр. Керекті сараптамалардың барлығынан өткен. Жантүршігерлік оқиғаны бастан кешкен отбасы қызғалдақтай қызын қорлап, тағдырын тәлкек еткен «жауыздарға» заң бойынша қатаң жаза берілуін талап етеді.