Ақтөбеде көлікте тірідей жанып кеткен 8 жолаушының төртеуі - оқушы
- автор kyn.kz
- 6 наурыз, 2024
- 2.4k
Ақтөбе облысында қазір жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу жұмысы жүріп жатыр. Полициямен қатар прокурорлар да істі бақылауға алды, деп жазады KYN.KZ тілшісі kazinform-ға сілтеме жасап.
Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасы болса, қаза тапқандар арасында 4 бала бар екенін хабарлады. — Жол апатына ұшыраған азаматтардың, балалардың қазасына көңіл айтамыз, қайғысына ортақпыз. Қаза тапқандардың арасында кәмелет жасына толмаған 4 бала бар.
Олар денсаулығына, отбасылық себептерге байланысты жеке сапарға шыққан. Құзырлы орган қызметкерлері тергеу амалдарын жүрізуде, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Айта кетейік, қаза болған төрт баланың екеуі бір отбасынан. Бірі 4-сыныпта, екіншісі 6-сыныпта оқиды. Сонымен бірге тағы бір бала 6-сыныпта білім алса, төртіншісі — даярлық тобының оқушысы. Бәрі де — Ақтөбе облысы Темір ауданы Сарыкөл ауылдық округіне қарасты Шұбарши ауылының тұрғындары.