Екі ер адамға оқ атқан подполковникке сот үкімі шықты
- автор Admin
- 7 наурыз, 2024
- 586
Екі ер адамға газ тапаншасынан бірнеше рет оқ атқан Ішкі істер министрлігі қызметкеріне cот үкімі шықты, деп хабарлайды Павлодар облыстық сотына сілтеме жасаған KYN.KZ тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, 6 наурызда Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің оқу орталығы, кадр саясаты бөлімінің бастығына қатысты бұзақылық фактісімен Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қаралды.
"Қаңтар айында Павлодар қаласы Сұрағанов көшесінде орналасқан бильярд клубының алдындағы көлік тұрағында ІІМ қызметкері бұзақылық ниетпен газды тапаншаны қасақана пайдаланып, екі жәбірленушіге бірнеше рет оқ атқан, олар оның әрекетінен қауіптеніп, одан қашып кеткен", – деп жазылған сот хабарламасында.
Кейін ІІМ қызметкері оқиға орнынан кетіп қалған. Сотта ер адамның ауыр қылмыс жасағаны, ол үшін заңда балама жазалар қарастырылғаны айтылды. Сотталушыға қатысты дәлелдер, сот-медициналық сараптама қорытындылары, куәлар мен жәбірленушілердің айғақтарымен расталды. Сондай-ақ оның үш баласы бар екені де негізге алынып, жазасы жеңілдетілсе, ал антын бұзғаны үшін қылмыстық құқықбұзушылық жасауы ауырлатады деп көрсетілген. Сот ер адамды кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан шектеді. Сот "Полиция подполковнигін" шенінен айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.