19 млн теңге: халықаралық іздеудегі күдікті Чехияда қолға түсті
- автор Томирис Тоныкөк
- 15 наурыз, 2024
- 334
Аса ірі көлемдегі қаржыға алдап, алаяқтық жасады деген күдікті Чехиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KYN.KZ тілшісі.
Күдіктіні 15 наурыз күні Бас прокуратура, ішкі істер министрлігі Қазақстанның сыртқы істер министрлігімен бірлесе экстрадициялады.
«Ол 2021 жылдың көктемінде жәбірленушіге халық тұтынатын тауарларды Қазақстаннан Ресейге тасымалдау қызметін ұсынып, оны алдап 19 миллион теңгенің тауарын иемденген. Оны басқа тұлғаларға сатып, ақшасын жымқырды деген күдікке ілінген. Қылмыс жасағаннан кейін күдіктінің жасырынуына байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланды» - делінген хабарламада.
2024 жылдың қаңтарында ол Чехияда ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторында жатыр. Қылмысы дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылмақ.