Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Шаңырақ» күні: елордадағы интернационалды отбасыға сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді

«Шаңырақ» күні: елордадағы интернационалды отбасыға сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді
Астана әкімдігі.
“Бүгін - Наурызнама онкүндігінің төртінші - «Шаңырақ күні».

Елордада Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ» күніне орай кешенді жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күні қала әкімдігі өкілдері көпбалалы, интернационалды отбасын шаңырақтарындағы тағы бір нәрестенің дүниеге келуімен құттықтап барды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

14 наурыз – Көрісу күні бесінші қыздары дүние есігін ашқан Халел Масловтың отбасын Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова, Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрал Айдашев арнайы барып құттықтап, сый-сияпат табыс етті.

“Бүгін - Наурызнама онкүндігінің төртінші - «Шаңырақ күні». Жаңаша тұжырымдама бойынша бұл күн отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған. Бұл күні ерекше отбасын бесінші перзенттерінің дүниеге келуімен құттықтап келіп отырмыз. Бұл отбасын ерекше деуіміздің мәні бар. Масловтар – көпбалалы, интернационалды жанұя және түгел қазақ тілінде сөйлейтін үлгілі отбасы. Отағасы Халел Борисұлының әкесі белорусь ұлтынан болса, анасы әзербайжан ұлтының қызы. Ал оның жұбайы Дана - қазақ қызы, бесінші сәбиін дүниеге әкеліп отырған ана. Халел Борисұлы - осындай үлгілі отбасының отағасы ғана емес, еліміздегі тарих ғылымдарының дамуына өз үлесін қосып жүрген ғалым. Міне, біздің мақсатымыз - Наурызнаманың онкүндігі аясындағы «Шаңырақ күні» елордадағы осындай отбасының қуаныштарын еселей түсіп, тату-тәтті жанұяның бірлігі мен берекесін көпке үлгі ету”, - деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова.

Ал бүгінде Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде «Алаш» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері, бес баланың әкесі Халел Маслов Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп жатқан отбасылық қуанышымен бөлісті.

“Біз Атырау облысы Махамбет ауданы Сарыайшық ауылының тумасымыз. Астанада тұрып жатқанымызға 20 жылдай болды. 2010 жылы қазақтың Арғын руының қызына үйлендім. 14 наурызда бесінші қызымыз дүниеге келіп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасының негізінде 17 наурыз - Шаңырақ, жалпыұлттық отбасы, кіршіксіз махаббат күні деп белгіленген болатын. Елімізде түрлі этнос өкілдері мемлекеттегі саралы саясаттың арқасында осы үлкен ортақ шаңырағымызда тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Түрлі жағдайлар болып жатқан күрделі кезеңде әр адам үшін ең маңыздысы – еліміздің бірлігі, отбасының тыныштығы. Осы негізде ел президентінің бүгінгі күнге отбасылық күні деген мәртебе беруі жақсы бастама деп білемін”, - деді Халел Маслов.

Ал оның анасы Күлбике Иманова барлық қазақстандықтарды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, береке мен бірлік тіледі.
“Өсіп-өнген жеріміз Қазақстанды сыйлаймыз. Перзент өсіріп, ұрпақ жалғастырып жатқан кіндік қанымыз тамған жер. Міне, бүгін отбасылық қуанышымызбен құттықтап келіп отырсыздар. Бізді сыйлап, құрмет көрсетіп жатқандарыңызға мың алғыс! Ел аман, жұрт тыныш болсын! Барлық қазақстандықтарды келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын”, - деді ол.

Іс-шара аясында бақытты шаңырақтың ақ жаулықты анасына гүл шоғы мен мерекелік тәттілер ұсынылса, азаматтарға әкімдік атынан сәнді күртеше тарту етілді.

Айта кетейік, Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы мен Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Наурызнама онкүндігіне байланысты бірлесіп ұйымдастырған іс-шаралары Көрісу күнінен басталып, Ұлыстың ұлы күніне дейін жалғасады.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар