"Күрделі жағдай болды": Батыс Қазақстан облысы әкімі үндеу жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- 2 сәуір, 2024
- 405
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарына үндеу жасады. Бұл туралы KYN.KZ тілшісі әкімдіктің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Құрметті Батыс Қазақстандықтар! Өңірімізде су тасқынының салдарынан күрделі жағдай орын алғаны белгілі. Облысымыздың Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында су тасқыны болып, тұрғын үйлерді су басты. Осының салдарынан 4 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның жартысы балалар.
Тасқыннан зардап шеккендерге жедел эвакуациялық пункттер ұйымдастырылып, қажетті жағдай жасалуда. Құрметті жерлестер! Сондай-ақ Көршілес Ресей елінен бастау алатын 5 трансшекаралық өзендерімізде су деңгейі көтерілуде. Соның салдарынан Казталов және Жаңақала аудандарына баратын Қара және Сары өзендерде су деңгейі артуда. Қазіргі уақытта бұл өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Мамандардың мәліметінше, судың деңгейі облыста осыдан 30 жыл бұрын болған ең жоғары көрсеткіштен асып кетті. Орал қаласындағы Шаған және Деркөл өзені қауіпті деңгейге жетті. Сондай-ақ, Жайық өзенінде де су көлемі артуда. Соның салдарынан Орал қаласы мен Бәйтерек, Теректі аудандарын су басу қаупі сейілген жоқ.
Бұдан бөлек, Орал қаласының маңындағы Подстепное ауылында су тасқыны болып, қазіргі уақытта суды сору, су өтетін жылғаларды кеңейту, топырақпен қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрметті жерлестер! Бүгін мемлекет басшысына облыстағы жағдайды баяндадым. Президент өз тарапынан халыққа барынша көмек көрсетілетінін айтты. Зардап шеккендердің әрқайсысы Мемлекет тарапынан берілетін көмектен қалыс қалмайды!
Құтқарушылар, төтенше жағдай мамандары, коммуналдық қызметтер, күштік құрылымдар, волентерлер және тұрғындарымыз күн демей, түн демей су тасқынымен күресуде! Мен үшін жерлестерімнің амандығы бірінші орында! Сондықтан, тасқынның алдын алуға бағытталған барлық қажетті шаралар атқарылатын болады! Осынау қиын кезеңде сабырлық сақтап, бір-бірімізге қолдау көрсетейік! Біз біргеміз!", - деді облыс басшысы.