Батыс Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр
- автор Томирис Тоныкөк
- 23 сәуір, 2024
- 447
Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғаннан бері 1 292 тұрғын үйге зиян келтірілді, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
ҚазАқпарат мәліметінше, соның 116-сы – Қаратөбе, 243-і – Сырым, 218-і – Бөрлі, 649-ы – Теректі, 43-і – Бәйтерек, алтауы – Тасқала ауданында, 17-сі Орал қаласында орналасқан.
Тілепберген Ерсайұлының сөзіне қарағанда, 1 150 үй бойынша техникалық тексеріс жүргізілді. Соның ішінде 397-сі (Қаратөбе – 98, Сырым – 114, Теректі – 60, Бәйтерек – 4, Бөрлі – 121) тұруға жарамсыз деп танылды.
«Күні бүгін аталған аудандарда жарамсыз деп танылған тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, геология және топо-түсірілім жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жергілікті компаниялардың тізімі анықталып, дайындық жұмыстары басталды. Тұрғын үйлер «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың («ҚПО б.в.», «Жайықмұнай», «Оралойлэнд Газ», «Конденсат») және өзге де ұйымдардың қаражаты есебінен салынады», - деді Т.Каюпов.
Бұдан бөлек, зардап шеккендерге 100 айлық есеп көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек (369,2 мың теңге) көрсетілуде. Казіргі таңда 1 490 отбасы 547,3 млн теңгеге әлеуметтік көмек алды.
Тағы бір мәселе, су тасқыны салдарынан 2 343 бас мал шығынға ұшыраса, соның 341-і – ірі қара, 63-і – жылқы, 1 742-сі – қой-ешкі, 116-сы – шошқа, 81-і – үй құстары. Шығындарды өтеу жұмыстары басталып, бұған облыстық бюджеттің резервінен 187,5 млн теңге бөлінді.
«Сол секілді шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген зиян 2024 жылы су тасқыны салдарынан келтірілген мүліктік нұқсанды өтеу қағидаларына сәйкес өтеледі. Аталған ереже жобасы Ашық НҚА-лер порталында талқылауда тұр. Бизнеске келтірілген шығындарды анықтау арнайы құрылатын комиссиямен атқарылатын болады», - деді Т.Каюпов.
Облыс бойынша 39 кәсіпкерлік субъектісі, 20 өсімдік, 18 мал шаруашылығы нысанына (Бәйтерек – 18, Теректі – 34, Тасқала – 1, Сырым – 4, Қаратөбе – 8, Бөрлі – 7, Орал қаласы – 5) залал келтірілген.