“Жауап бермеді”: Дархан Жолшыбеков некесіз туған баласына қаржылай көмектесе ме?
- автор Томирис Тоныкөк
- 25 сәуір, 2024
- 778
Белгілі блогер Дархан Жолшыбековтан некесіз туған жезқазғандық ару тағы “Көреміз”бағдарламасына келді. Бұл жолы келіншек алименттен бөлек, қызының еміне де қаражат беруін сұрайды.
Айдана Сапарбекова ай сайынғы қызына беретін алименттің өскенін, бірақ алғашқы сот отырысына Дарханның қатыспағанын айтты. Осыған дейін блогер туған қызына ай сайын 15 мың теңге ғана алимент беріп отырған. Оны өзі де растаған болатын.
Айдана Сапарбекова 5 жасар қызының денсаулығына алаңдаулы. Биыл күз айында бірінші сынып табалдырығын аттайтын бүлдіршін дұрыс сөйлей алмайтын көрінеді.
“Қазір қызымды емдетіп жатырмын. Азғантай болса да, өсу бар. Сөздерді түсінеді. Кейде емін үзіп аламын. Бір логопед маманға 250 мыңдай ақша кетеді. Оны менің қалтам көтермейді. Алғашқы сот отырысына да, бағдарламадан кейін де өзі немесе жақындары хабарласқан жоқ. Мен құжат бойынша биологиялық қызы екенін дәлелдеп отырмын. Әрі қарай да қызымның еміне қаражат беруін сұраймын. Бір жыл мектептен қалып қойдық. Мені жұрт ақша керек, дүниесіне қызығып отыр деп, сөгіп жатыр. Қызымның еміне ғана ақша сұраймын. Осы күнге дейін тіс жармадым. Өйткені әкем шахтада істегесін, бізді асырады. Бірақ қазір ол жұмыстан шығып қалды. Осы күнге дейін Дарханның ақшасы керек емес деп рұқсат бермей жүрді. Кейін қаражаттан қиналғанда Дарханның өзіне жаздым. Сол күні оқып, мені блокқа тығып тастады. Тіпті, мен қызбен Алматыға барайын, жолығайық дедім. Жауап бермеді. Содан осылай бағдарлама арқылы шығуыма тура келді”, – дейді жас Айдана.
Бүгінде блогер ми дамуы тежелген деген диагноз қойылған некесіз қызына ай сайын 30 мың теңге ғана алимент төлейді. Бағдарламаға келіп бірауыз пікір де білдірмеген.
Оның табысы жақсы блогерлердің қатарында екені дүйім жұртқа анық. Бірақ Дархан ресии түрде небәрі 150 мың теңге жалақы алады. Жеке кәсіпкердің компаниясында қызметкер ретінде тіркеліп тұр екен. Компания директоры оның жауапты адам екенін айтады.
Блогер онлайн курстар өткізеді. Одан түсетін табысы 4 млрд теңге екен. Ал киімі мен әйеліне алып беретін сыйлықтары тек брендтен тұрады. Қазіргі уақытта Дархан Жолшыбеков әлеуметтік желіге сирек шығатын көрінеді. Белгілі болғаны Қызылжар өңіріне барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп жүр екен.