Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұлан авиабазасының ашылу рәсіміне қатысты, деп жазады KYN.KZ тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент, ең алдымен, жиынға қатысушыларды алдағы Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, бұл отаншылдық сезімді оятып, жауынгерлік рухты арттыратын мәртебелі мереке екенін айтты. Сонымен қатар Қарулы Күштерді егемен еліміздің мықты қалқаны, бейбітшілік пен тұрақтылықтың мызғымас тірегі ретінде атап өтті.
"Авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл әскеріміз үшін айтулы оқиға. Бұл база күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Ұшқыштардың шұғыл әрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет Қарулы Күштерді жабдықтап, әскери инфрақұрылымды дамыту мәселесін айрықша назарда ұстайды", – деді ол.
Президент еліміздің бірқатар өңірінде болған алапат тасқынға қарсы күресте сарбаздардың алдыңғы шептен табылып, антқа адал болудың озық үлгісін көрсеткеніне тоқталды.
"Осы орайда мен әскери ұшқыштардың кәсіби тұрғыдан білікті және шебер әрекетін ерекше атап өткім келеді. Олар зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық жүк жеткізді. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Соның бәрін мінсіз атқарды. Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға зор ризашылығымды білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.