«Көңілім босап кетті»: Ләйлә Сұлтанқызы әйелі бір бүйрегін берген ер азаматтың ғажайып оқиғасымен бөлісті
- автор Томирис Тоныкөк
- 6 мамыр, 2024
- 3.2k
Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әйелі бір бүйрегін берген ер азамат жайында әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол жігітті Астана қаласының сенбілік күнінде кездетіріп қалыпты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы оқиғаны тележүргізуші өзінің Instagram парақшасында жариялады. Айтуынша, Бекболат есімді жігіт жайында бұған дейін деректі фильм де көрсетілген екен.
"Осы іс-шараға көмектесуге келген жігітпен таныстырсам деп отырмын. Есімі Бекболат. Осыған дейін әріптесім Ерқанат Көпжасар сюжет әзірлеп, деректі фильм түсірген екен. Бұл кісіге келіншегі бір бүйрегін берген", - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Астаналық бүйрегіне ота жасатқанына небәрі 4 ай ғана болған.
"Гемодиализден құтылғаныма 4 ай болды. Келіншегімнің есімі Сәбира. Қазір үш қызымыз бар. Мұны екінің бірі істей бермейді. Келіншегімнің ісі - нағыз ерлік. Әйеліме өмір бойы риза болып өтемін. Әке-шешесіне осындай қызды тәрбиелеп, менің тағдырыма жолықтырғанына алғыс айтамын. Жар таңдаудан қателеспеу деген осы шығар", - дейді Бекболат.
Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, жергілікті тұрғынға әйелінің бүйрегі 86 пайыз сәйкес келген.
"Ағамның бүйрегі 45 пайыз сәйкес келді. Сонымен денсаулығына байланысты бола алмады. Кейіннен донор таппай, ұзақ жүрдік. Келіншегім негізі 2020 жылы осы ауруды естіген кезде бүйрегін беруге келіскен. Бірақ үлкендер бір отбасынан екі мүгедек болмасын деген ниетпен қарсылық танытқан еді. Бұл ауру бір жағынан емделгенімен, екінші жағынан шаршатады. Осы уақытқа дейін жүрегім ауырып, екі рет ауруханаға жатып шықтым. Содан келіншегім үлкендерді тыңдамай, бүйрегін беру туралы шешім қабылдады", - деді Бекболат.
Ләйлә Сұлтанқызы оны алғаш көргенде әкімдік қызметкері деп ойлапты.
"Қасымда бір ер адам көмектесіп, кәдімгідей жұмыс істеп жүрді. Әкімдіктен келген азамат шығар деп ойладым. Кейін таныса келе, оқиғасын тыңдап, көңілім босап кетті. Төрт ай бұрын жасалған бүйрек трансплантациясы сәтті болып, жақында қайта жұмысқа шығады екен", - деді тележүргізуші өз жазбасында.