Ертісбаев Бас прокурордан адвокат Игорь Вранчевтің үстінен іс қозғауды сұрады (Видео)
- автор Томирис Тоныкөк
- 6 мамыр, 2024
- 928
Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Бас прокурор Берік Асыловтан адвокат Игорь Вранчевке қатысты іс қозғауды сұрады. Оның айтуынша, Вранчев өз ісімен ғана айналысудың орнына, ескі Қазақстанды тілге тиек еткен, деп хабарлайды KYN.KZ
Ертісбаевтың пікірінше, сотта адвокат бұрынғы Қазақстан тарихына баға бермей, Қылмыстық кодекстің белгілі бір бабы бойынша ғана сөйлеуі керек болған.
“Сізден Бишімбаевтың сотындағы жәбірленушілердің адвокаты Игорь Вранчевтың үстінен іс қозғауыңызды сұраймын. Мен адвокат соттың алдында тек өз ісі бойынша ғана сөйлеуі қажет деп ойлаймын. Заңды және құжаттық фактілермен шағымданып, өз ісінің шеңберінен шықпай, істі бүкіл халықтың тағдырымен байланыстырмай, дәлелді сөйлеуі керек еді. Басып өткен тарихи жолға қандай да бір саяси баға беру үшін, саяси демагогия және бос әурешілікке салынудың қажеті жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, адвокат Вранчев Бишімбаевқа қатысты сот отырысында сұмдық сөз сөйледі. Оның айтуынша, кедейлер жек көретін адамдар – элиталық паразиттер тобы”, – деді Ертісбаев.
Бұған байланысты Салтанат Нүкенованың адвокаты өз ойын білдірді. Ол Ертісбаевтың халық партиясының төрағасы екенін ұмытпауды ескертті.
“Ертісбаев өзінің Қазақстан паразиттері партиясының емес, ең алдымен Қазақстан халық партиясының төрағасы екенін ұмытпауы керек. Оның партияластары Қазақстан халық партиясының беделіне нұқсан келтіретін адамнан құтылады деп ойлаймын. Паразиттер туралы айтқан сөздерімнен кейін маған ешқандай қауіп төнген жоқ. Көшеде ит үрсе, сен кері үрмейсің. Айта берсін. Бұл – жай ғана олардың белгілі бір пікірі”, – деді Вранчев.
Айта кетсек, 2 мамырда Вранчев “Егер ол түрмеге отырмаса, басқалары да 30 жыл бойы жалғасып келе жатқан заңсыздық пен жазасыздықты тоқтатпайды” деп айтқан болатын.