Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Атүсті қарауды доғарыңыздар!»: Премьер-министр әкімдерге ескерту жасады

«Атүсті қарауды доғарыңыздар!»: Премьер-министр әкімдерге ескерту жасады
t.me/KZgovernment
Бектенов су тасқыны салдарымен күрес жайлы айтты

Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл елімізде жылыту маусымы қалыпты жағдайда өткенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ  ақпарат агенттігі.

Алайда Бектенов ірі апаттардың алдын алдық дегенімізбен, жылу көздеріндегі технологиялық параметрлердің бұзылуы жиілеп кеткенін атап өтті.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруы тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды. Қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен «Топар» ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек екенін жеткізді. Айтуынша, егер жұмыс мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кетсе, онда меншік иелерімен қатар әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданатын болады. Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатыр.

Өткен аптада мен Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойдым. Сондай-ақ Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінді. Энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қосымша өзгертулер енгізілді. Енді «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы станцияларды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 327 млрд теңге тарту жоспарланып отыр, - деді Бектенов.

Үкімет басшысы қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеуге жұмсалуға тиіс екенін айтты. Бұл ретте республикалық, жергілікті бюджеттерден және инвестициялық бағдарламалар аясында қаржыландырудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету қажет. Қазір негізінен республикалық бюджет қаражаты жұмсалып жатыр. Әкімдер Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, монополистермен жұмыс жүргізіп, қаржыландыру бойынша ең оңтайлы тетіктерді ұсынуын жеткізді.

Жөндеу жұмыстарында қауіптер бар. Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің екінші жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек. Сонымен қатар біздің елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет, - деді премьер-министр.

Олжас Бектенов жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу бойынша, әсіресе су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет екенін айта кетті.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар