«Отбасымызда ұрыс-жанжалға мен ғана кінәлі болып шығатынмын»: Бишімбаевтың бұрынғы әйелі онымен ұзақ жыл қалай бірге тұрғанын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 11 мамыр, 2024
- 909
Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман онымен бірге тұрған кездегі өмірі жайлы әңгімеледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.
«Маған «14 жыл осындай адаммен бірге тұрып, 3 бала туып бердіңіз, неге ертерек кетіп қалмадыңыз» деп сұрақ қойғандар болды. Қуандық үйленген кезде ондай болған жоқ. Ол бес жылдан кейін өзгере бастады. Абьюзер деген бірден көрінбейді. Ашуланса, заттарды лақтыруды шығарды. Мен ол кезде екінші баламды босанған кезім. Балаларымды алып қоям деп қорқытты. Мен көніп жүре бердім. Ондай адамдар сенің өзіңді кінәлі етіп қояды. Сонымен де бірнеше жыл өте шықты. Содан мен тренингтерге қатысып, кітаптар оқып,білім жинадым. Ажырасу керек деген шешімге келдім. Ол 14 жыл бойы абьюзер болды деп айта алмаймын. Соңғы 7-9 жыл, мүмкін. Әсіресе, министр болғаннан кейін қатты өзгерді. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ондай әр отбасында болады. Бірақ біздің отбасымызда ұрыс-жанжалға тек мен ғана кінәлі болып шығатынмын. Себебі олар (абьюзерлер) жауапкершілікті мойындарына алмайды. Мен сол үшін өзімді рухани дамытам деп қанша кітап оқыдым, тренингке бардым, әдемі болып жүруге тырыстым. Сөйтсем проблема менде емес екен. Менде бәрі дұрыс екен. Енді мұны кейін түсіндім ғой. 2014-2017 жылдары ол қатты стрессте жүрді. Ұят болады деген сөз оған жүрмейтін. Адамдардың көзінше айқайлай салатын, бір затты лақтырып жіберетін. Иә, сол жылдары ол үйде де, жұмыста да айналасын стрессте ұстады”, – дейді ол.
Жүргізуші Самал Ибраева “Бәйтерек” Ұлттық холдингінде жұмыс істеген кезінде Бишімбаевтың жап-жас қыздармен іссапарға бірге шығып, көңіл жарастырып жүрген кездерін көргенін, онымен некеде болғанда мұндай жағдайларды білген-білмегенін сұрады.
“Үш баламның аралары жақын, яғни тетелес. Ол кездері мен аналық міндетімді атқарып жүріп, аса мән бердім. Айналама зерделеп қарамадым. Қуандықтың ондай әдеттерін шамамен 2015 жылдары білдім. Ол “сен өзің маған көңіл бөлмейсің” деп ақтала бастады. Яғни, мені кінәлі етіп қойды. Мен бұл жағдайды оның ата-анасына айттым. Бірақ мұным қате болыпты. Олардың да ойынша, бәрі әйелден. Менің бір құрбым Лондонда қаржылық институттарда жұмыс істейді. Соның айтуынша, егер топ-менеджер әйелі бола тұра, басқалармен көңіл жарастырғаны белгілі болып қалса, оны қызметінен алып тастайды. Өйткені ол бүгін әйелін алдаса, ертең компанияны, мемлекетті алдайды. Ондай адамдарға сенбейді. Бізде ондай этика жоқ. Патриархалдық жүйе. Еркектерге бәрі болады, ал бәріне әйелдер кінәлі. Мен оның жүрістері жайлы білгенімде, қызым 1 жастан асқан еді. Қаржы жағынан қиналатынымды білдім. Өйткені 3 баланы бағып-қағу деген оңай емес. Ол кезде менің атымда ешқандай мүлік болмады. Мен Қуандыққа менің атыма жаз деп айтқанмын. Оның бір жаман қасиеті бәрін мамасының атына жаза беретін”, – дейді Назым Қаһарман.
Айтуынша, Қуандықпен ажырасу үшін біраз уақыт кеткен. Ажырасқан кезде оның тек бір пәтері мен көлігі ғана болған.
“Ажырасуға бірнеше себеп болды. Соның бірі - өзгелермен қылтың-сылтыңы. Сосын…мен өзімді дамытып, оның айтқанындай өзгеріп бастағанымда да ол өзгермеді, оның әдеттері, мінезі өзгермеді. Деградация байқадым оның бойынан. Сондықтан ажырасуға бірнеше себеп бар. Мен ол түрмеге отырғанға дейін ажырасатынымды айттым. Мен оған соңғы мүмкіндік бердім. Бірақ ол бір айға да шыдамады. Естіген шығарсыздар, ол маған унитазды лақтырып, дене жарақатын салды. Бұл түрмеден шыққанына бір айдай өткенде болған оқиға еді. Ажырасқанда менде пәтер, көлік қалды. Сосын менде бір клуб болды, ол анасының атына жазылған. Ажырасу кезеңінде ол соны алып қаламын деді. Шынын айтсам, маған ол кезде бәрібір болды. Себебі маған бастысы еркіндік еді. Дүние жайлы ойланып жатпадым”, – дейді Назым.
Назым Қаһармен Бишімбаевтің түрмеге отырып шыққаннан кейінгі мінезі мүлдем өзгеріп кеткенін айтады. Алайда, әке ретінде балаларына қамқор бола білгенін жасырмады.
«Түрме деген санаторий емес, СИЗО-да отырғанда мен де, балалары да барды. Ол жердің аурасы жаман. Бірақ түрмеден кейін Қуандықтың мінезі тіпті жаман болып кетті. Ол үлкен қызметке тағайындалғанда, бірінші сынақ келді оған. Түрмеге түскенде, екінші сынақ. Ол осы екеуінен де өте алмады. Мен оған неге соңғы мүмкіндік бергім келді, түрмеден шыққаннан кейін? Себебі, ол түрмеде отырғанда көп нәрсені түсінген шығар, ойланған шығар деп үміттендім. Әке ретінде ол балаларына қамқор бола білді. Ұрған емес, бірақ ұрысқаны бар. Керемет әке деп айта алмаймын, бірақ жаман әке болған жоқ. 9 қарашаға дейін. Өйткені жақсы әке адамды өлтірмейді ғой», – дейді ол.
9 қарашадағы оқиғадан кейін балаларының әкесіне деген қарым-қатынасы өзгеріп кеткен. Назым олардың болашағы үшін уайымдайтынын айтты.
«Өте жаман, олар бәрін біледі. 9 қарашан кейінгі алғашқы айлар балаларға өте қиын болды. Жүректері ауырды. Салтанатты кінәлеп жатқан посттар қаншама шықты. Сондықтан осының бәрін ой елегінен өткізіп, мен желтоқсан айынан бері балаларымның Қуандықпен, оның ата-анасымен кездесуіне тыйым салдым. Себебі өзіңіз де енемнің сұқбатын көрген шығарсыз. Біржақты пікір. Мен балаларымның болашағына уайымдаймын. Олардың мейірімді болып өскенін қалаймын. Сондықтан оларды жаман сөздерден, тәрбиеден қорғауым керек. 9 қарашадан кейін әлеуметтік желідегі парақшама көптеген адамнан достық ұсынып, хат-хабар жібергендер көп болды. Мен аккаунтымды жауып тастадым. 40 күн ештеңе айтпадым. Өйткені марқұмның артын күттім. Бұл Нүкеновтер отбасы үшін ауыр қайғы және менің балаларым үшін де өте ауыр болды. Өйткені 9 қарашада Қуандық тек Салтанатты ғана өлтірген жоқ, менің балаларымның әкесін де өлтірді. Мен солай ойлаймын. Мен 40 күн өткеннен кейін қайғыға ортақ екенімді білдіріп, әлеуметтік желіде пост жаздым. Өйткені менің де қызым бар, ол менің жүрегіме ауыр тиді. Бірақ ақпанның соңында қызым туралы, мен жайында қаралау мәндегі ақпарат шықты. Мен Нүкеновтерден ақша алды деп, Салтанаттың ағасы менің қызымды зорламақшы болды деп. Және интернетте біздің отбасымыз жайлы жеке деректер таралды. Балалар туралы. Бұл деген қылмыс қой. Мен құқық қорғау органдарына арыз жаздым. Олар әлі анықтамады. Бірақ видеомда ол құжаттардың кімнің қолында болғанын ашып айттым. Қазір аттарын атасам, сотсыз, үкімсіз кінә тақсам, олар да әрекетке көшеді”, – Назым Қаһарман.